Филология факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы «Тіл» тіл орталығының оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын өткізді.

22 қыркүйек, 2023

Қыркүйек айының 21-22 күндері Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Заманауи әдіс-тәсілдер арқылы оқыту» атты оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті. Оған Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары қатысып, білімдерін ұштап, біліктіліктерін арттырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Айнұр Әбдіжәлелқызы курс қатысушыларына баяндама оқып, тәжірибе алмасты. Біліктілікті арттыру курсында «Заманауи ғылыми парадигма аясындағы тілді оқыту мәселелері» (Қ.Ж. Айдарбек), «Тілді оқытудың психолингвистикалық аспектісі» (Қ.Ж. Айдарбек), «Сөйлеу қызметін деңгейлік оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері (тыңдалым, лексика-грамматика бөліктері негізінде)» (А.Ә.Ақкөзова), «Оқылым, жазылым, айтылым: базалық негіздері мен құрылымы» (А.Ә.Ақкөзова) тақырыптарында баяндама жасады. Баяндама соңында түрлі сұрақ қойылып, ұтымды жауап берілді. Қатысушылар жаттықтырушылардан тәлім алып қана қоймай тәжірибе алмасты.
Біліктілікті арттыру курсы ұлт ұстазы, әдіскер-ғалым А.Байтұрсынұлының «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің болуы – түрлі әдісті болу; керек орнында жоқ әдісті табу да қолынан келу», – деген ой-түйінімен бір қорытындыға келді.