Шығыстану факультетінде Хинди тілі мерекесі атап өтілді

2 қазан, 2023

     29 қыркүйек 2023 жылы Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөлімі «Тұрақты даму мақсаттары» жобасы аясында халықаралық «Хинди дивас» - хинди тілі күніне арналған мәдени шара өткізді. Бұл күн хинди тілін Үндістанның ұлттық тілі ретінде тарату мақсатында ресми тұрде аталып өтеді. Бұл 1949 жылы 14 қыркүйекте қабылданып, кейін Үндістанның Конституциясымен бекітілді.

    әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бұл күн 1998 жылы алғаш хинди тілі бөлімі ашылғаннан бастап 25 жыл қатарынан тойланып келеді. Мәдени шараға мәртебелі қонақтар  Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нагендра Прасад мырза, Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза, Үндістан Консулының ассистенті Н.Бора мырза, Дж.Неру атындағы университеттің Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор Шрикант Кондапалли, Үнді мәдени Кеңесінің өкілі Бхаскар Бикрам Четия мырза, қазақ-үнді классикалық би орталығының директоры Ақмарал Қайназарова қатысты.

      Үндістанның мемлекеттік әнұраны флейтаның сүйемелдеуімен орындалғанына қонақтар тәнті болды. Бағдарламада үнді әндері орындалып, өлең-жырлар оқылды. Үндітанушы-студенттер хинди тілінің тарихы туралы бейнебаян даярлап, белсенділік танытты. Шараны ұйымдастырған оқытушылар мен студенттерге Үндістан Елшісі атынан алғыс хаттар ұсынылды.

Кеш соңында қонақтарға үнді шайы мен тағамдары ұсынылып, еркін сұхбаттасу жалғасты.

 

Бокулева Б.С.

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушысы