Ректор жазушы Кемел Тоқаевқа арналған халықаралық конференцияға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев көрнекті жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастырған тағылымды шараға ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов, Қырғызстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков, детектив жанрының әйгілі жазушысы Дмитрий Шестаков, зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен ақындар жиналды.
Конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Хатта: «Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде тыңнан түрен салып, детектив жанрының негізін қалады. Шоқтығы биік шығармаларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Шытырман оқиғаға толы туындылары арқылы жазушы оқырманды жамандықтан жиренуге, жақсылықты үйренуге үндеді. Сонымен бірге адалдық, мейірімділік, жанашырлық секілді құндылықтарды дәріптеді. Қаламгердің тағылымы мол туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорында сақталатыны сөзсіз», – делінген.
Жиында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев сөз сөйлеп, Кемел Тоқаевтың шығармаларына тоқталды.
«Кемел Тоқаевтың қаламынан туған кез келген шығарманы оқысаңыз, сол заманның шындығын, әділеттілікті көруге болады. Яғни жазушының туындылары ешқашан да өзектілігін жоғалтпайды деп санаймын. Қазірдің өзінде оның шығармалары түркі әлемінде кең таралып, өз оқырманын тапты», – деді Сұлтан Раев.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қаламгердің 100 жылдығы аясында оқу ордасында ұйымдастырылған шараларға тоқталды.
«Кемел Тоқаев біздің университетіміздің түлегі екенін ерекше мақтан тұтамыз. Журналистика факультетінен елімізге белгілі майталман тұлғалар өсіп шықты. Кемел Тоқаев – осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлегіміздің бірі де бірегейі. Бүгінгі конференция жұмысы нәтижелі зерттеулер мен терең талдауларға ұласады деп ойлаймын. Біздің ортақ мақсатымыз – Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын жаңаша зерттеу. Ұлт руханияты үшін атқарған қайраткерлік еңбегі мен ғибратты ғұмырын насихаттау. 22 қыркүйек күні Түркияда «Кемел Тоқаев – қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі журналист» атты халықаралық конференция өткіздік. Ыстамбұлда өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түрік тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылып, тұсауы кесілді. Мерейтой аясында қаламгердің өзі оқыған журналистика факультетінде Кемел Тоқаев атындағы оқу аудиториясын ашқалы отырмыз және қаламгер шығармашылығы мен қайраткерлік тұлғасына арналған жаңа кітаптың тұсауын кеспекпіз», – деді ректор.
Іс-шарада қазақ қаламгерлері мен шетелдік қонақтар баяндама жасап, Кемел Тоқаевтың әдебиет пен журналистика саласындағы зор үлесі мен жетістіктерін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі