“АУДАРМАШЫ - МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ”

29 қыркүйек, 2023

2023 жылы 29 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасындағы  “TARZHIMAN” жас аудармашылар клубының ұйымдастыруымен Халықаралық аудармашылар күніне арналған “АУДАРМАШЫ - МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ” атты кеші өтті. Іс-шара ТДМ-ның 3 бағыты, сапалы білім беру бағыты бойынша ұйымдастырылды.

Шараға шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының  оқытушылары Г.Искакова, Р.Төреханова,  «Аударма ісі» бөлімінің 1, 2 , 3 және 4 курс студенттері қатысып, өз өнерлерін паш етті. Кешті «Аударма ісі» бөлімінің 3 курс студенті, клуб төрайымы Әнел Әкімжан жүргізді. 4 курс студенттері 1 курсқа арналған тілектерін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. 1 курс студенттері корей, қытай, ағылшын тілдерінде құттықтаулар айтты, аудармашы мамандығын таңдаған себептерін баяндады. Аударма бөлімінің 2 курс студенттері аудармашының лексикасын байытатын қызықты танымдық ойындар ойнатты. 3 курс студенттері аударма үдерісі бойынша түрлі бейнежазбалар көрсетті, аудармашыға қажет қасиеттерді атап өтті, белсенді студенттерге сыйлықтар таратты. Клуб мүшелері бірінші курс студенттерін арнайы құттықтады. Аудармашылар күнінің тарихын айтып өтті.

 “TARZHIMAN ” клубының ғылыми жетекшісі, аударматанушы ұстаз Ләйла Жұматайқызы Мұсалы студенттерді кәсіби мерекемен құттықтап, болашақ аудармашыларға өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеруге шақырып, кешті қорытты. Ғалым-ұстаз аудармашы мамандығының шын мәнінде, мәртебелі екендігін түсіндірді, аудармашы тілдер мен халықтардың арасындағы «алтын көпір» екендігін атап өтті. Болашақ аудармашы мамандар үшін бұл кештің ерекше танымдық-тәрбиелік мәні болды.