ҚазҰУ-да Кемел Тоқаев аудиториясы ашылды
Көрнекті жазушы, еліміздегі детектив жанрының негізін қалаушы, журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев аудиториясы ашылды.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Жиылғандар алдымен ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасы қорындағы қаламгер кітаптарының көрмесімен, тарихи фотосуреттермен, газет мұрағаттарындағы құжат, мақалаларымен, майдандастарының естеліктерімен танысты.
Аудиторияның ашылу салтанатында университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, қайраткер қаламгердің еңбек жолына тоқталды. Өз сөзінде ректор Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушы ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осы бағыттың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті.
«Журналистика факультетінен елімізге көптеген белгілі тұлғалар өсіп шықты. Кемел Тоқаев – осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлектеріміздің бірі де бірегейі. Ол дара талантымен журналистік, әдеби ортаға ерте танылған қайраткер қаламгер. Ағымдағы жылы елімізде ғана емес, барша түркі әлемінде жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы кең көлемде тойланып жатыр. 22 қыркүйек күні Түркияда «Кемел Тоқаев – қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі журналист» атты халықаралық конференция өткіздік. ҚазҰУ бұл шараны Ыстамбұл университетіндегі Фараби-Еуразия ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түрік тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылып, тұсауы кесілді. Біздің басты мақсатымыз – Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын жаңа қырынан зерттеу, түркі әлеміне таныту, ұлт руханияты үшін атқарған қайраткерлік еңбегі мен ғибратты ғұмырын насихаттау», – деді ректор.
Сөз соңында университет басшысы: «Бүгінгі ашылып отырған Кемел Тоқаев аудиториясы болашақ журналист, қаламгерлерді шыңдайтын үлкен мектепке айналады деген сенімдемін», – деп атап өтті.
Шара барысында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай басылып шыққан «Детектив дарабозы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жинақ үш бөлімнен тұрады. «Кемел көкжиегі» деп аталатын бірінші бөлімде жазушының бұрын кітапқа жинақталмаған көркем-публицистикалық туындылары берілген. «Қаламдастар құрметі» деп аталатын екінші бөлімде кемел тұлға туралы айтулы ғалымдар мен замандастарының естеліктері жинақталды. Ал «Ізбасарлар ізеті» деп аталған үшінші бөлімде Кемел Тоқаев туралы қазіргі қазақ журналистерінің, әдебиетші ғалымдардың мақалалары топтастырылған. Кітапқа ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен алынған материалдар енгізілді. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасы қорынан алынған фотосуреттер мен қаламгер кітаптары да осы жинаққа қосылды.
Алқалы жиында мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек, Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, филология ғылымының докторы, профессор, тіл жанашыры Роза Қайырбаева сөз сөйлеп, Кемел Тоқаевтың азаматтық қыры мен жазушылық сыры туралы пікір білдірді.
Өз кезегінде жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Кемел Тоқаевтың бірге оқыған курстасы, ардагер журналист, бүгінде 102 жасқа келген Ханымбүбі Ақжолованың ыстық сәлемін жеткізді. Құттықтау хатта: «Мен әлі күнге дейін ҚазҰУ-да оқығанымды мақтан етемін. Кемел Тоқаевтың сабырлы да салмақты мінезін, кісілік тұлғасын еш уақытта ұмыта алмаймын. Газеттерге сан тақырыпта мақалалар жазып, шытырман шығармаларымен танылып, бізге де қамқор болып, университеттің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласатын. Бүгінгі қара шаңырақ білім ордасында дара жазушы атындағы аудиторияның ашылуы үлкен бастама», – делінген.
Кемел Тоқаев атындағы аудитория заманауи үлгіде безендірілген. Онда жазушының шығармалары, мақалалары жарық көрген басылымдар және қаламгер туралы жазылған кітаптар, фотосуреттер қойылған. Білім алушы жастардың емін-еркін сабақ оқуларына жағдай жасалған.
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында жауапты қызметтер атқарды. 1960-1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы, 1980-1984 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді. Кеңес чекистері тақырыбына арналған 10-нан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Кемел Тоқаев – соғыс тақырыбына арналған сүбелі шығармаларымен қатар, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған көрнекті жазушы. «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Замандастар сыры», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты туындылардың авторы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі