Ұстаздар күнінде ардагер оқытушыларға құрмет көрсетілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ұстаздар күні аясында оқу ордасында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагер оқытушыларға құрмет көрсетті.
Кездесуге білім ордасының профессорлары, атап айтқанда: Элеонора Сүлейменова, Зұлқайыр Мансұров, Қалқаман Жұмағұлов, Нұржамал Алдабек, Тұрсын Ғабитов, Құралай Байзақова, Ержан Жатқанбаев, Алуа Ибраева, Сағымбай Қозыбаев, Тамара Шалахметова, Уалшер Тукеев, Гүлнәр Нұрмұхаммедқызы, Базарбай Үмбетов, Мақпал Төлегенова және Айша Бегалиева қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі – Ұстаздар күні биыл тұңғыш рет 5 қазан болып бекітілді.
Жүздесуде университет басшысы айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, барша оқытушы-профессорлар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға», – деген болатын. ҚазҰУ-да ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, білікті және білімді мамандарды даярлауда көп еңбек еттіңіздер. Осы кездесуге қатысып отырған оқытушылардың ішінде университетте маған дәріс берген ұстаздар да отыр. Сіздер тәрбиелеп шыққан шәкірттер тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жұмыс істеп жүр. Өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз! Ел келешегі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіздің жемісі еселене берсін! Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға береке, шығармашылық жетістіктер тілеймін!» – деді ректор.
Басқосуда оқытушы-профессорлар құрамы атынан сөз алған химия ғылымының докторы, профессор Зұлқайыр Мансұров университеттің алдағы даму жоспарына тілектестік білдіріп, барша әріптестеріне ыстық лебізін жеткізді.
«Кез келген азаматтың тұлға болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын ұстаз – мамандықтың төресі, қастерлі есім болып қала береді деген ойдамын. 2024 жылы қара шаңырақ оқу ордамызға 90 жыл толады. Бұл үлкен жетістік. Бүгінге дейін ҚазҰУ-ды көптеген студенттер тамамдап шығып, еліміздің түрлі салаларында жұмыс істеп жүр. Күннен-күнге білім ордасы дамып, ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп келеді. Алдағы жұмыстарымызға табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деді Зұлқайыр Мансұров.
Өз кезегінде тарих ғылымының докторы, профессор Қалқаман Жұмағұлов: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет атқарып жатқаныма биыл 52 жыл болады. Бұрын оқу ордасына түсетін студенттер саны аз болатын. Жыл сайын университетке түсетін білім алушы жастардың контингенті көбейіп келеді. Бұл бізді қатты қуантады. Баршамыз бірге қызмет атқарсақ, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетеміз», – деп өз ойын ортаға салды.
Кездесу барысында ардагер оқытушыларға университет ректоры гүл шоқтарын табыс етіп, естелік фотосуретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі