ҚазҰУ-ға Неаполь Л’Ориенталь университетінің өкілдері іссапармен келді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Неаполь Л’Ориенталь университетінің ректоры Роберто Тоттоли бастаған делегация арнайы іссапармен келді. Сапар аясында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев делегация құрамымен кездесті. Басқосу барысында Италиядан келген делегация ҚазҰУ-дың тарихы, ғылыми-білім беру қызметі және ЖОО-ның халықаралық ынтымақтастық бағыттарымен танысты.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ мен Италия университеттері арасында ынтымақтастық бойынша 11 келісім жасалған. ҚазҰУ студенттері жыл сайын Сапиенза, Саленто, Сиена, Карло Бо атындағы Урбин университеті және басқа да Италияның жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтеді. 2018 жылдан бастап ҚазҰУ Неаполь Л'Ориенталь университетімен ынтымақтасады. Оның нәтижесінде Азия мен Африканың лингвистикалық, әдеби, тарихи, саяси, мәдени, діни ерекшеліктері саласында бірлескен жобалар мен ғылыми ізденістер іске асырылуда.
2022-2023 жылдары Италияның жоғары оқу орындарында бес студент, жеті докторант білім алды. ҚазҰУ-дың 25 оқытушысы түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысты және бірлескен жобаларды іске асырды. ҚазҰУ өткен жылы Ла Сапиенца атындағы Рим университетінің бір студентін қос диплом бағдарламасы бойынша тарих факультетіне қабылдады. Жыл сайын Италияның жоғары оқу орындарының профессорлары дәріс оқуға шақырылады. Биыл ҚазҰУ-ға Италиядан шақырылған бес профессор философия және саясаттану, Экономика және бизнес жоғары мектебі, халықаралық қатынастар, физика-техникалық, география және табиғатты пайдалану факультеттерінің студенттеріне дәріс оқуда.
Айта кету керек, Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай, Италияның Қазақстандағы елшілігі «2050 жылға дейін бірге» даму бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама ынтымақтастық, инновация және білім беру сияқты үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Италияның ҚР-дағы жоғары білім, ғылым және технологиялар саласындағы дипломатиялық миссиясының бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында қатысушылар пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
Өз кезегінде Неаполь Л’Ориенталь университетінің ректоры Роберто Тоттоли ҚазҰУ басшылығының қабылдауына алғыс білдіріп, 1732 жылы құрылған университеттің бүгінгі қызметі мен жоспарларына тоқталды.
Сапар соңында Италия делегациясы Жағдаяттық басқару орталығы және Әл-Фараби кітапханасының жұмысымен танысып, ҚазҰУ-дың гуманитарлық факультеттерін аралады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі