Нұрғазы Томирис Нұрматқызы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде математикалық және компьютерлік пішіндеу мамандығының 4-курс студенті. Жақында Томирис Жапония елінің ондығына кіретін Цукуба университетінде JASSO стипендиялық бағдарламасы бойынша жарты жыл оқып келді.
Шетелдік білім беру жүйесі туралы Томирис былай дейді: «Жапон мемлекетінде бір семестр үш кезеңге бөлініп оқытылады. Әр кезеңде өзің қалаған жаңа пәндерді таңдап оқуға мүмкіндік бар, яғни студент семестрдің әр кезеңінде әртүрлі пән оқи алады. Сондай-ақ, қарқынды, яғни интенсивті оқу курстарын оқуға да болады. Осы жарты жылдың ішінде мен өзімнің мамандығым бойынша бірнеше пәндер бойынша білім алдым. Қосымша жапон тілі курсына қатысып меңгердім. Әсіресе, ұстаздарымның ішінде Василак Симона Мирела, Игараши Ясухико және Мисаки Оноға алғысым шексіз. Университетте түрлі клубтар жұмыс істейді, оны студенттердің өздері басқарады. Мен соның ішінде каратемен айналыстым. Цукуба университетінде жердің түкпір-түкпірінен келген ұлт өкілдері оқиды, олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Шетелдік студенттер мен жергілікті студенттер бір-бірімен жақынырақ араласуы үшін және бір-бірлерінің мәдениетін білуі үшін университетте түрлі іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде ерекше Кампурды (Campur) атап өткім келеді. Осы іс-шарада әр күнді әр ұлтқа бөледі, сосын сол ұлт өкілдері өздеріне бөлінген күні елдерінің ұлттық тағамдарын дайындап, ұлттық киімдерін киіп, билерін билеп, әндерін салып, жиналған жұртқа отаны жайлы айтып береді. Жаздың ортасында менің еліме де бір күн арнап қойды. Цукуба университетінде оқып жүрген студенттермен бірігіп, дастархан жайдық және қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсеттік. «Қара жорға» биін билеп, «Балбырауын» күйін тартып бердік және «Арқан тарту» ойынын ойнаттық».
Оқу кезінде Томирис тәжірибемен алмасу үшін Iida Group Holdings деп аталатын құрылыс компаниясына шықырылыпты. Жапон үйлері негізінен ағаштан салынады және міндетті түрде сейсмикалық төзімділігі қатты тексеріледі. Бәріне мәлім, Жапонияда жер сілкінісі мен түрлі табиғи апаттар жиі болады. Сол себепті құрылыс компаниялары үйлер мен ғимараттарды табиғат құбылыстарына төзімді қылып салуды мақсат етеді. Бұл жерде өзіне көп тәжірибе жинақтағанын айтты. «Жалпы технология қарқынды дамыған, барлығы автоматтандырылған және адамның өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалған» -деп сөзін қорытындылады.