ҚазҰУ жас ғалымдарының «Темірқазық» кітабы жарық көрді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығы қарсаңында философия және саясаттану факультетінің ғалымдары Азамат Жамашев, Ернар Мажен, Дорбетхан Жомарт бірлесіп дайындаған «Темірқазық: қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгіні» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен оқытушы-профессорлық құрам және студенттер қатысты.
Шарада сөз алған философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев: «Темірқазық: қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгіні» атты кітабы білім алушыларға, қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгініне қызығушылық білдіруші университет студенттері мен жалпы оқырман қауымға арналады. Зерттеу жұмысында қазақ даласынан тыс мемлекеттердің пайда болу тарихы, өмір сүру кезеңдері, басшылары мен ұстанған діні және қазақ жерінде орын тепкен мемлекеттердің тарихы кеңінен қамтылған. Ғалымдардың еңбектерінен, құнды мұрағаттардан мәліметтер жинақталып, сол мәліметтерге шетел кітаптарынан айқын дәлелдер мен әртүрлі көзқарастар келтірілген», – дей келе, факультет деканы бүгінгі жас ғалымдар еңбегінің жарыққа шығуымен құттықтады.
Еңбекте Ұлы дала төсінде құрылған мемлекеттердің тарихы, ұстанған діндері, олардың исламды қабылдауына түрткі болған оқиғалар, оларға жасалған жорықтар, мешіт-медреселердің салынып, ғылым мен білімнің дамуы егжей-тегжейлі зерделенген. Қазақ халқы мемлекет болып құрылғаннан бастап, бүгінгі күнімізге дейінгі діни ахуал мен оған әсер еткен тарихи және саяси оқиғалар да сөз етіледі.
Шарада ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есім және басқа да көптеген белгілі ғалымдар жас ғалымдардың жарыққа шығарған кітабына жоғары бағасын беріп, еңбек жайлы өз ойларымен бөлісті.