Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер қалашығында тұрақты дамудың 3 мақсаты – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» аясында воркаут спорт алаңы ашылды. ҚазҰУ-дың заң факультеті мұндай сыйлықты қарашаңырақ ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толуы қарсаңында студенттерге тарту етіп отыр. Абыройлы іс-шараны заң факультетіндегі төрт кафедра меңгерушілері салтанатты түрде ашты.
Сондай-ақ ашылу салтанатында Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Р.Е. Жансараева, Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор С.Ж.Сулейменова, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор Г.А.Куаналиева, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.к. К.Р. Усеинова сөз сөйлеп, студенттерге ақжарма тілектерін жеткізді.
Заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ардагері, заң ғылымдарының докторы. Е. Ш. Рахметов атап өткендей, «Workout» спорт алаңының ашылуы студенттердің жақсы дене шынықтыруын қолдау және жастар үшін қызықты бос уақытын ұйымдастыру құралы ретінде әрекет етеді. Сондай-ақ шара барысында ғалым жастарды спортпен шұғылдануға ынталандыратын бірнеше спорт әдістерін көрсетті.
Воркаут алаңының ашылуына заң факультетінің барлық профессорлық-оқытушылық құрамы және білім алушы жастары қатысты.
Қызыл лентаны каратэ-додан әлем чемпионы, заң факультетінің 1-курс студенті Бекнар Төлеген кесті. Төлеген Бекнар студенттер үйі жанынан ашылған воркаут орталығынның жаңа мекені студент жастардың спорттық белсенді орталығына айналатынына сенім білдірді. «Бұл алаң спортпен айналысу барысында топтық рухты қалыптастыруға және студенттердің әлеуметтенуіне ықпал етеді, жаңа танысулар мен достық қарым-қатынасқа мүмкіндік береді», - деді жас спортшы.
Алаңда спорттық тренажерлер мен жабдықтар орналастырылған, демалуға және әңгімелесуге арналған орындықтар қойылған. Осылайша, ЖОО басшылығы университетте спорттық мәдениетпен салауатты өмір салтын дамытуға көп көңіл бөлуде. Қазір Университетте мыңнан астам студент айналысатын көптеген спорт секциялары бар. Студенттік спорт клубы жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі