Қазанның 6-жұлдызында Механика-математика факультеті, математика кафедрасының аға кураторлары Б.Әбенов пен Г.Аузерхан және математика мамандығының 1 курс кураторлары А.Серік, Д.Мутиголлаева, М.Шазындаева, Н.Буканай студенттермен бірге Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрының тағылымы мол «Бір түп алма ағашы» қойылымын тамашалап қайтты.
Қойылымға қатысқан ҚР еңбек сіңірген артистері мен еңбек сіңірген қайраткерлері Г.Қазақбаева, С.Рақышев, Р.Омаров бастаған шығармашылық топ бүгінгі қоғамдағы боямасыз тірлікті, отбасыдағы қарым-қатынастың ащы шындығын көрерменге жеткізе білді. Шығарма авторы Ә.Оразбеков пен қоюшы-режиссер, еңбек сіңірген артист М.Шахманов туған үйден жыраққа кетіп жатбауыр болған бір жанұя балаларының қилы тағдырын, өмірдің тезіне түсіп, жастайынан мүгедектер арбасына тағылған бозбаланың, перзенттерінің қамын ойлап қиналған ана-мұңлықтың күйбең өмірін жақсы ашып, кейіпкерлер образдарының сәтті шыққаны сонша, студенттер олармен бірге қуанып, бірге қиналып, үлкен тебіреніске бөленді.