ҚАЗҰУ-ДА ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫН ОРЫНДАУҒА АРНАЛҒАН ЦИКЛДЫ ДӘРІСТЕР БАСТАЛДЫ

10 қазан, 2023

Философия және саясаттану факультетінде «Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын басқару ісіндегі сын-қатерлер» деген тақырыпта алғашқы дәріс оқу шарасы өтті.

Дәріске спикері ретінде Нархоз университетінің су ресурстарын зерттеу бойынша арнайы сарапшы Жания Хайбуллина шақырылды.

Шараны факультет деканы Бекжан Мейрбаев ашып, еліміздегі су ресурстарын пайдалану проблемаларына тоқталды. «Бүгінде сумен қамтамасыз ету мәселесі Орталық Азия, оның ішінде біздің еліміз үшін өте өзекті. Қазақстанның бірқатар өңірінде су тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Сондай-ақ, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік кешеннің дамуы да көбіне елдің сумен қамтамасыз етілу деңгейіне тікелей байланысты», – деді. Одан әрі ол өз сөзінде өнеркәсіптік кәсіпорындарда және тұрғын үй-коммуналдық салада суды пайдалану мәселесі маңызды міндеттердің бірі болуы керек екенін атап өтті.

Спикер Жания Хайбуллина өзінің мазмұнды дәрісі барысында еліміздің су ресурстарын пайдалану жай-күйіне тоқталды. Осы салада  санитария нормаларын сақтауға, пайда болған сын-қатерлерге толып түсініктеме беріп, талдау жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, қоршаған орта түйткілдері мен экожүйелерді сақтауға, климаттық тәуекелдерді реттеудің халықаралық тәжірибесіне және су қауіпсіздігінің басқа да өзекті мәселелеріне қатысты мысалдар келтірді.

Іс-шараға қатысқан оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушы жастар көтеріліп отырған мәселеге орай ой-пікірімен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын айтты.

Дәріс соңында спикер таза су және оның санитариясын сақтауға арналған мәселеге баса мән берді. Сондай-ақ, санитария мен гигиенаға қол жеткізу, таза су көздерін табу немесе заманауи тазарту технологияларын игеру жайындағы өз ойын ортаға салды.  Су тасқыны және  судан келетін апаттар жөнінен мол мағлұмат беріп, аталған тақырыптармен кеңінен танысу үшін электрондық материалдардың сілтемесін берді.

Тағы бір айта кететіні, шара инстаграмм желісінде тікелей эфир арқылыкөрсетілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі