Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров «Жастардың құқықтық сауаттылығы жаңа Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Құрметті қонақ білім ордасына сапары аясында университет ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесті. Жаңа бастамалар мен жобаларды, серіктестікті дамыту жоспарларын талқыланған соң, тараптар ынтамақтастық туралы келісімге қол қойды.
Көшбасшылық дәріске университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, заң факультетінің білім алушылары мен жас ғалымдар қатысты.
Іс-шараны заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов құттықтау сөзбен ашып, Арыстанғани Заппаровтың табысты еңбек жолына тоқталды.
«Арыстанғани Заппаров ішкі істер органдарындағы қызметін 1993 жылы бастаған. Еңбек жолында Арыстанғани Расылханұлы Алматы облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, Көліктегі ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары, Ақтөбе облысының ІІД бастығының бірінші орынбасары болып табысты қызметтер атқарды. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары болды. Қазіргі таңда Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы болып жұмыс істеуде», – деді декан.
Полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров жылы ілтипатпен қабылдағаны үшін университет ұжымына алғыс білдіре отырып, ҚазҰУ-да дәріс оқу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маған ыстық. Себебі 1993 жылы осы оқу ордасын бітірген едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан жастарына үш маңызды басымдықты айтқан еді. Ол: білімге ұмтылыс, еңбекорлық және патриотизм. Біздің жүрегімізде елге деген махаббат болғаны абзал. Қазақстанның болашағын ойласақ, бәріміз жұдырықтай жұмылып, еліміздің даму жолында аянбай еңбек етуіміз керек», – деді Арыстанғани Заппаров.
Сонымен қатар Арыстанғани Расылханұлы дәріс барысында қатысушыларға Алматы қаласы полиция департаментінің қызметі және есірткіге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ дәріскер өз сөзінде жастарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
Дәріс соңында тыңдаушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі