ҚазҰУ Баспасөз қызметі Якутия фестиваліне қатысуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары, журналист, ақын Алмат Исәділ Якутия Жазушылар одағы мен Якутскідегі Солтүстік-Шығыс федералды университеті ұйымдастырған «Үлкен қардың игілігі» атты халықаралық поэзия фестиваліне қатысуда.
ТМД мемлекеттерінің, Түркітілдес халықтардың әдеби-мәдени байланысын дамытуға бағытталған рухани іс-шара биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр.
11 қазанда фестивальға қатысушыларды Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев арнайы қабылдап, «Біз бауырлас елдермен рухани ынтымақтастығымызды, достық қарым-қатынасымызды өте жоғары бағалаймыз. Әдеби байланыстар халықтарды рухани біріктіріп, жақындастырады. Білім, ғылым саласында да Якутия университеттерінің халықаралық серіктестігін дамыту басты назарымызда» – деп атап өтті.
Әріптесіміз Алмат Исәділ бауырлас елдің басшысына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының ыстық сәлемін жеткізіп, Әл-Фараби бейнеленген арнайы кәдесый мен «Qazaq universiteti» газетін, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жетістіктері топтастырылған қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі кітапты табыс етті.
Алмат Исәділ Саха Республикасының басшысына Орталық Азиядағы көшбасшы білім ордасының жетістіктер туралы айтып, Якутия жастарын ҚазҰУ-ға шақырды.
Ашылу салтанаты Солтүстік-Шығыс федералды университеті жанындағы Мәдени Орталықтың концерт залында, аталған университет жастарының қатысуымен өтті.
Фестиваль барысында Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртсан, Ресей, Дағыстан т.б елдердің қаламгерлері ортақ әдеби жобалар мен аударма мәселелерін талқылап, шығармашылық кездесулерге қатысып, тәжірибе алмасады.
Төрт күнге жоспарланған фестиваль аясында «Сахамедиа» ақпараттық-баспа холддингінде баспасөз конференциясы, Якутия қаламгерлері, студенттері, мектеп оқушыларымен кездесулер, Саха елінің кітапхана, музейлеріне бару және көрікті жерлеріне саяхаттау жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі