Ректор Бейжіңде Әл-Фарабиге қойылған бюсттің ашылуына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Бейжің Тіл және мәдениет университетінде орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюсттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Ғұлама ғалымға арналған бюстті Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
Шараға ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.
«Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды. Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді. Адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеді. Ғалым музыка және каллиграфия өнерін зерделеді», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті.
«Оның шығармалары – әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына қосылған құнды қазына. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енгізілді. Біз 2020 жылы осы мерейтойды ерекше атап өттік. Халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар ұйымдастырылды. Монографиялар мен жинақтар басып шығарылды. Деректі фильмдер түсірілді. Мұның бәрі Әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады. Енді Қытай ғалымдары мен жастарына философ жайлы бірқатар ғылыми еңбектер қолжетімді болады. Осы құнды деректермен, ең алдымен, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің оқытушылары мен студенттері таныса алады. Бұл – қуантарлық жайт. Мен де кезінде осы оқу орнында тура қырық жыл бұрын білім алдым. Сондықтан бүгін Әбу Насыр Әл-Фарабидің мүсінін ашу – мен үшін зор мәртебе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Сурет:aqorda.kz