ҚАЗҰУ КӘСІПОДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ
ҚазҰУ Кәсіподақтар күнін атап өтті. Атаулы күн азаматтық қоғамдағы кәсіподақтардың рөлін нығайтуға және дамытуға ықпал ететін мереке.
ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев пен «Білім беру мекемелері мен ғылыми-инновациялық ұйымдардың білім алушылары мен қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының» төрағасы Данат Жанатаев жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады. Шара барысында қатысушылар кәсіподаққа байланысты маңызды мәселелерді талқылады.
ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы әлеуметтік мәселелерге көмек көрсетуді өзінің басты міндеті санайды. Университет оқытушылары мен қызметкерлері жақында еңбек демалысынан шықты. Жазда олардың көпшілігі санаторийлерде денсаулығын жақсартып, балалар мектеп лагерлеріне жіберілді.
Шілде және тамыз айларында санаторий – курорттық емдеу және қызметкерлерді сауықтыру үшін 1 136 000 теңге, ал қыркүйекте – 1 400 000 теңге өтемақы берілді. Балалар лагерлері үшін өтемақы 1 649 000 теңгені құрады. Ыстықкөлде демалуға кәсіподақ 1 500 000 теңгеден астам қаражат бөлді. Мерейтойлар да аталып, жазда және күздің басында 40-тан астам адам құттықталды. Кәсіподақ өз мүшелері туыстарының науқастануы немесе қайтыс болуы сынды өмірлік қиын жағдайларды да естен шығармайды. Материалдық көмек ретінде оларға 1 000 000 теңге бөлінді. Университет қызметкерлерін, әсіресе жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. «Ұстаздар күні», «Қарттар күні» сынды мереке күндері де қаржылай қолдау көрсетілді.
ҚазҰУ-да оқитын қызметкерлердің балалары оқу ақысына шартта көрсетілген соманың 15-25% мөлшерінде жеңілдіктер алды. Жеңілдіктер беру туралы мәселе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Директорлар кеңесінде қаралып, 2023 жылғы 8 маусымда тиісті шешім қабылданды.
Кәсіподақ белсенділері жаңа жоспарлар мен идеяларға толы және ұжымның игілігі үшін жұмыс істеуге әрқашан дайын.
Ольга ЛОЖНИКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы Төрағасының орынбасары