Ректор Қытай университеттерінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді

18 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің Президенті Дуань Пэнмен жүздесіп, өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ ректорлар екі университетке ортақ Қазақ зерттеу орталығының ашылу рәсімін өткізді.

Кездесу барысында университет ректоры қытайлық әріптестерге ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет беріп,  ҚазҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Бейжің Тіл және мәдениет университетінің Президенті Дуань Пэнмен алдағы уақытта қазақ-қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынас одан әрі бекіп, білім мен ғылым салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

Кейін ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Бейжің шет тілдері университетінің Президенті Ян Даньмен келіссөз жүргізіп, академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бейжің шет тілдері университеті академиялық ұтқырлық бойынша оқытушылар мен студенттерді алмастыру жұмыстарын жандандырмақ.

Келіссөз барысында Жансейіт Түймебаев ілтипат білдіргені үшін Ян Дань мырзаға ризашылығын білдіріп, бүгінгі қол қойылған меморандум екі университет арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынын атап өтті.Кездесу барысында Бейжің шет тілдері университетінің Президенті ҚазҰУ-мен байланысты нығайту жолында бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Сондай-ақ Жансейіт Қансейітұлы Бейжің мұнай университетінің Президенті Ву Сяолиньмен жүздесіп, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісімнің мақсаты – энергетика секторында индустрияны бірлесіп дамыту, энергетика саласында бірлесіп ғылыми кадрларды дайындау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін «Бір белдеу, бір жол» қауымдастығын құру. Бұл аталған келісімдер Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген болатын.

Кездесуде екі университет басшылары меморандум аясында бірлесіп жұмыс жасауға және серіктестік арттыруға бағытталған барлық бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі