Қайырымды қала докторанттары

18 қазан, 2023

18 қазан 2023 жылы әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының 3-ші курс докторанттары қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Докторанттар Мәдениет ықшам ауданында тұратын төрт балалы, денсаулығы нашар, жалғызбасты ана, Құндыз әпкемізге кішігірім болсын жәрдем көрсетуге бел буды. Докторанттар жиналып, дүкеннен азық-түлік алып, төрт балалы ананың үйіне қарай жөнелді. Материалдық көмектен бөлек, адам баласы үшін эмоционалды қолдаудың өзі үлкен рөл ойнайды, сондықтан докторанттар Құндыз әпкемізбен отырып, әңгімелесіп, жағдайын сұрап, көңілін аулауға тырысып, жылы лебіздерін білдірді.

Әр адамның тағдыры әр түрлі. Адам баласы өмір жолында алуан түрлі сынақтарды бастан кешіруі мүмкін. Мұндай қиындықтар сынақ болып түскен адамға ғана емес, қоғамға да келгенін білуміз керек. Айналамызда қиналып тұрған адамдардың барын байқап, оған қолдан келгеше қол ұшын созу үлкен игі іс болып табылады. Игі іс, алдымен, жасап отырған адамның руханияты үшін пайдалы және адамды алда тек жақсылықтарға итермелейді. Сонымен қатар халқымызда жасалған игі іс адамның күнәларының кешірілуіне, апаттардан қорғалуына себепші бола алады деген сөз бар. Игі істерді көп жасаған сайын өскелең ұрпақ жасаған ісімізден  жақсы үлгі мен ізгі тәрбие алады.

Байқағанымыз, қара шаңырағымыз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қайырымды қала тұрғындары» және «Айналаңды нұрландыр» концепцияларын басшылыққа ала отырып, студенттерді бакалавриаттың бірінші курсынан бастап қайырымдық іс-шараларына қатысуға шақырады. Тіпті, университетімізде әрдайым көмек қолын созуға дайын «Көмек» атты студенттер ұйымы бар. Университетіміздің студенттерге жақсы білім берумен қатар, адам бойындағы жақсы әдеп, адамгершілікті, мейірімділікті, ізгілікті, кішіпейілділікті дамытуға үлес қосуы қара шаңырағымыздың нағыз білім ордасы екендігін одан әрі дәлелдей түседі.