ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ-ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

12 қазан, 2023

Тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру, үш тілдік саясатын дамыту мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультетінің  Шет тілдері кафедрасының оқытушылары факультет көлемінде механика-математика факультеті студенттерімен бірге тілдер мерекесіне арнап  “Тілге құрмет – елге құрмет” атты мерекелік іс-шара өткізді.

          Тіл, сөз дегеніміз -  ең алдымен, ата – бабамыздың көз қарашығындай сақтап келе жатқан  асыл қазынамыз. Екіншіден,  дипломатиялық құрал –  халықтың бүкіл сана - парасатын, биіктігі мен тереңдігін, мәдениеті мен әдебиетін, тарихы мен салт-дәстүрін паш ететін қасиетті өнер. Тіл - адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Тілсіз қоғам жоқ. Бұл екі ұғым бір - бірінсіз өмір сүре алмайды. Қай халықтың болса да басынан өткендері, қилы кезеңдері өз ана тілі арқылы бір-біріне жалғасып, тарих беттеріне жазылуда.

          Іс-шараны ұйымдастастырушылардың бірі ретінде Шет тілдері кафедрасының оқытушысы Құралова Алтынқыз Тоқтарқызы іс-шараны ашты. «Жеті ұлттың тілін біл, жеті түрлі білім біл», -деп, ата бабамыз айтқандай, тілдер мересінің елімізде алатын орны ерекше екенін атап өткен А.Т. Құралова білім алушыларға ана тіліне деген сүйіспеншілікті жоғары қойып, бірнеше тілді меңгере отырып, мемлекетіміздің дамуына үлкен үлес қосу керектігін айтты.

          Іс-шара барысында білім алушылар тілдер мерекесінің қалай қабылданғандығы, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде қабылданғандығы жөніндегі жарлықтың және Тіл туралы Заңның бекітілуі жайлы ақпараттармен таныса отырып, тіл туралы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды және мақал-мәтелдер айтып, мағыналарымен таныстырды. Механика-математика факультетінің өнерлі студенттері домбырамен қазақтың күйлерін шертіп, іс-шараны әнмен әрлеп, бимен тәмамдады.

          Мерекелік іс-шараның соңында Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы К.Х. Жұбанова Қазақстан Республикасы – көпұлтты мемлекет. Қазіргі таңда елімізде 130 - дан астам ұлт өкілдері тұратындығын айта келе, білім алушыларды Тілдер мерекесімен құттықтап, кештің өте жоғары деңгейде өткендігін атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің білім алушыларына университет қабырғасында оқып жүріп, ана тілін құрмет тұтып, өз мамандығымен қоса шет тілдерін де қатар меңгеріп, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосатын мықты азамат болуларына тілектестігін білдірді.

Іс-шара ұйымдастырушылары : Шет тілдері кафедрасының оқытушылары: К.Х. Жұбанова, Құралова А.Т. Ермаханбет Н.Р. Үшкемпіров Б.М.