ҚазҰУ Шығыс Қытай педагогикалық университетімен әріптестікті нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова Шығыс Қытай педагогикалық университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу орталығының және халықаралық қатынастар мектебінің директоры Ванг Хайянмен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі кешенді түрде нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
Кездесуде проректор Жамила Айтжанова профессор Ванг Хайянға ҚазҰУ Шығыс Қытай педагогикалық университетімен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды.
Өз кезегінде құрметті қонақ екі университет арасында қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды және академиялық ұтқырлық бойынша студенттер мен оқытушылар алмасу жұмыстарын жүзеге асыруды ұсынды. Сөз соңында орталық директоры ҚазҰУ басшылығын Шығыс Қытай педагогикалық университетіне шақырды.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, білім және ғылым салаларындағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шығыс Қытай педагогикалық университеті 2015 жылдың 23 қарашасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі