Бішкектегі филиал студенттері ҚазҰУ қалашығында болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкек қаласындағы (Қырғыз Республикасы) филиалында оқитын студенттер үшін Алматыда, ҚазҰУ қалашығында кампус-тур ұйымдастырылды.
Сапар аясында филиалда оқитын 250 студент университет мұражайына, Студенттер сарайына, «Керемет» СҚО-ға барып, ҚазҰУ факультеттерімен және кампусымен танысты. Қонақтар үшін салтанатты қабылдау және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Біз студенттерді Бішкектен арнайы Алматыға әкелдік. Жастарымыз ҚазҰУ қалашығын өз көздерімен көріп, университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысып, құрдастарымен танысып, осы тәжірибеден пайдалы ақпарат пен жарқын әсер ала алатынына сенімдімін.
ҚазҰУ-дың Бішкектегі филиалы өз қызметін жүйелі іске асырып, танымалдылыққа ие болуда. Біздің алдымызда үлкен мақсаттар мен ауқымды жоспарлар тұр. Филиал екі елдің игілігі үшін табысты жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті филиал директоры Жәмин Шейшенов.
Естеріңізге сала кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бішкектегі филиалы 2022 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың 2021 жылғы наурызда Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша құрылды.
Филиалдағы дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытылады. Бакалавриат және магистратура 13 білім беру бағдарламасын қамтиды. Білім беру бағдарламаларының ішінде биология және биотехнология, механика-математикалық мамандықтар, география және табиғатты пайдалану, шығыстану, ақпараттық технологиялар, журналистика, филология, экономика және бизнес, құқықтану, химия және химиялық технологиялар, философия және саясаттану сияқты қажетті мамандықтар бар. Филиалда оқу қорытындысы бойынша аттестаттаудан сәтті өткен білім алушыларға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дипломы беріледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі