ҚазҰУ-да Республика күніне арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартайұлы Сартаевты еске алуға арналған «Қазақстанның демократиялық мемлекет ретіндегі конституциялық дамуы: теория және практика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тағылымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Конференция БҰҰ-ның Тұрақты даму мүддесі үшін бейбіт, ашық және демократиялық қоғам құруға бағытталған тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде өткізілді.
Жиынға Қазақстанның және шет елдердің жетекші ғалымдары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, шетелдік және еліміздің сарапшылары, азаматтық қоғамның, құқық қорғау ұйымдарының мамандары, БАҚ өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Конференцияны ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жамила Айтжанова академик Сұлтан Сартаевтың заң ғылымына қосқан өлшеусіз үлесі мен қайраткерлік болмысына айырықша тоқталып өтті.
Қатысушыларды Республика күнімен құттықтай отырып, проректор: «Бүгінгі шара қоғамның тұрақты дамуын, Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерін дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құруға баға жетпес үлес қосқан ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартайұлы Сартаевты еске алуға арналып отыр. Әлемдік маңызы зор ғылыми еңбектерімен заң ғылымының қазынасын байыта отырып, тек өз елімізде ғана емес, ТМД және алыс шетелдерде де заң-құқық саласындағы танымал тұлғаға айналды. Академик С.Сартаев 500-ден аса ғылыми жұмыстардың, 30-дан аса монография мен жинақтардың авторы. Сұлтан Сартаев өз еңбектерінде Қазақстанның Егемендігі туралы идеяны дамытып, мемлекеттік тілді дамыту, адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін құру, жоғары деңгейде тұрақты мемлекеттік басқару институттарын құру мәселелерін көтерді», - деді.
Басқосуда ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, «Сорбонна-Қазақстан» институтының профессоры С.Н. Сабикенов, заң ғылымдарының кандидаты, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Е.К. Нұрпейісов, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы Б.Қ.Әлияров, Конституциялық Соттың судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор А.Е. Жатқанбаева және т.б. ғалымдар сөз сөйледі,
Конференция барысында Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретіндегі конституциялық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылыстың және құқықтық жүйенің дамуын, оны жетілдірудің негізгі жолдарын және конституциялық заңнама жүйесін дамытудың негізгі мәселелері де кеңінен талқыға салынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі