ҚазҰУ студенттері АҚШ-та оқуға мүмкіндік алады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев АҚШ-тағы Penn state (Пенсильвания) университеті магистратура және халықаралық бағдарламалар бойынша заң факультетінің вице-деканы Стивен Барнспен кездесті.
Тараптар жоғары білім және ғылым саласында бірлескен мақсаттарды іске асырудағы жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында университет басшысы құрметті мейманға ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып, оқу ордасының АҚШ ЖОО-ларымен байланысты қарқынды дамытып келе жатқанын атап өтті.
«ҚазҰУ АҚШ-тың 18 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста. Өткен жылы білім ордасына Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) президенті, доктор Дэн Дэвидсон арнайы келіп, көшбасшылық дәріс оқыған болатын. ҚазҰУ АҚШ университеттерімен академиялық ұтқырлық бойынша студенттер мен оқытушыларды алмасу жұмыстарын жандандыруда. Алдағы уақытта аталған жұмыстарды жандандыра бермекпіз. Penn state (Пенсильвания) университетімен бірлесіп, ҚазҰУ базасында ғылыми орталық және филиал ашуды ұсынамын. Бұған оқу ордасының мол мүмкіндігі бар», - деді ректор.
Өз кезегінде Стивен Барнс құрметпен қабылдағаны үшін университет басшылығына ризашылығын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
«Серіктестікті дамыту мақсатында ҚазҰУ студенттерін АҚШ-қа шақырамыз. Яғни заң факультетінің бакалавриатында оқитын үшінші курс студенттері төртінші курстарын оқу үшін біздің университетке келеді. Сонда үш жылды ҚазҰУ-да оқып, бір жылды АҚШ-та оқиды. Нәтижесінде осы төрт жыл ішінде бакалавриат бойынша ҚазҰУ-дың және магистратура бойынша Penn state (Пенсильвания) университетінің дипломын ала алады. Алдағы уақытта халықаралық қатынастар және филология факульттетерінің студенттерін оқытсақ деген ойымыз бар. Білім алушы жастардың оқу ақысын АҚШ тарапы төлейтін болады. Сондай-ақ заң факультетінде жұмыс істейтін оқытушы-профессорлар құрамын АҚШ-та бір жыл тағылымдамадан өткізуге мүмкіндік бар», – деді Стивен Барнс.
Сондай-ақ жүздесуге қатысқан «Мамандығым-Болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев бұл бастаманың маңызы жоғары екеніне тоқталып, тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі