ҚазҰУ ректоры Иран ғалымдарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, қайырымды қоғам және заманауи этика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына Ираннан арнайы қатысуға келген делегациямен кездесті.
Делегация құрамында Шахид Бахшти университетінің профессоры, Иран философиясы қауымдастығының президенті Гуламреза Авани, доцент, мәдени, әлеуметтік және өркениеттік зерттеулер институтының жетекшісі Реза Голами, Мәдениет және исламдық коммуникациялар ұйымының ғылыми және академиялық ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Халадж Монфаред, Табриз университетінің оқытушысы, салыстырмалы философия және математикалық логика бойынша маман Масуд Омид және т.б. ғалымдар бар.
Жүздесуде тараптар мәдениет, өркениет, білім және ғылым салаларындағы серіктестікті арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті ғалымдарға ілтипат білдіре отырып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
«Біздің университет философ, әлемнің екінші ұстазы атанған ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімімен аталады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан біздер Әл-Фарабиді зерттеуші ғалымдарға көп көңіл бөлеміз. Осы тұрғыда сіздер ойшыл Әл-Фараби туралы зерттеулерді Иранда көп насихаттап, көптеген мақалалар жазсаңыздар деген ұсынысымыз бар. Сондай-ақ алдағы уақытта Иран ғалымдарымен бірлесіп ортақ ғылыми кітаптар жазып шығарсақ. Бұл жұмыстардың барлығы екі елдің жоғары оқу орындарын мәдени, тарихи және білім бойынша байланыстырып, ынтымақтастықты арттыруға сеп болады. ҚазҰУ-да Ирантану кафедрасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 11 ирандық студент білім алуда», - деді ректор.
Өз кезегінде делегация мүшелері аталған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізіп, қарым-қатынасты одан әрі арттыруға мүдделі екендіктерін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі