ҚазҰУ-да Республика күніне орай салтанатты шара өтті

24 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні Ұлттық мерекесіне орай салатантты шара өтті.

Мерекелік кешке Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-ғалымдары мен білім алушы жастары қатысты.

Шараны білім ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, университет ұжымын айтулы мерекемен құттықтады.

«Сіздерді Республика күні – Ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге Ұлттық мәртебе берді. Осыдан 33 жыл бұрын – 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Егемендік туралы» Декларация қабылданды. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің алғышарты болған тарихи құжат», – деді ректор.

Сондай-ақ ҚазҰУ басшысы құттықтау сөзінде: «Университетіміз келесі жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мемлекет басшысының қолдауымен университет Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты. ҚазҰУ-да «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді. Жақында ғана  Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Біздің мақсатымыз – Жаңа Қазақстанның білімді, әділетті, еңбекқор жастарын тәрбиелеу, ел болашағына қызмет ететін бәсекеге қабілетті маман дайындау», - деп атап өтті.

Шара барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, әкімшілік және конституциялық құқығы кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова «Бірлік» алтын медалімен, «Парасат» кәсіподағының Төрағасы Талғат Мекебаев «Жомарт жан» төс белгісімен марапатталса, Мемлекет басшысының Алғыс хатымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қансейіт Әбдезұлы марапатталды.

 

Мерекелік кеште оқытушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хаты, Ректор Жансейіт Түймебаевтың Құрмет громатасы және Алғыс хаты табыс етілді.  Сонымен қатар университеттің бірқатар ұстаздары мен қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Оқу ордасының студенттері  «Халық әндерінен попурри», «Саржайлау», «Гәкку», «Отан» әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Концерттік бағдарлама соңында барлық қатысушылар көрермендермен бірге «Мен сені сүйемін, Қазақстан!» әнін шырқады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі