ҚазҰУ Иран ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фагани бастаған делегация құрамымен кездесіп, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
ҚазҰУ ректоры ирандық жоғары оқу орындарымен көпжылдық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да Иран Ислам Республикасының университеттерінен үш профессор дәріс оқиды және PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік етеді. Қазіргі уақытта университетте ирандық 11 студент білім алуда.
Екі елдің министрліктері арасында 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы аясында «Әл-Фараби халықаралық орталығы» мен ЖОО ғалымдар тобы Әбу Насыр Әл-Фарабидің қолжазбаларын аудару мен зерттеу жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, философия және саясаттану факультетінде «Әл-Фараби мен түрік ғалымдарының мұрасындағы мейірімді адам: салыстырмалы дискурс» және «Әбу Насыр Әл-Фараби іліміндегі тіл философиясы және философиялық тіл» кешенді жобалары іске асырылуда.
«Жақында ҚазҰУ-да «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, ізгі қоғам және қазіргі этика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Оған Иранның Шахид Бахшти университетінің профессоры Гуламрез Авани бастаған Иран ғалымдары қатысты. ҚазҰУ бірлескен ғылыми зерттеулердің бастамаларын қолдайды әрі екі ел ғалымдарының жемісті жұмысына үміттенеді», - деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Өз сөзінде Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фагани университет ұжымына алғыс білдіріп, өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Осы ретте қазақ және парсы тілдеріндегі сирек басылымдар каталогы басып шығарылып, Әбу Насыр Әл-Фарабидің қолжазбасын зерттеу мен Әл-Фараби орталығының қызметкерлері екі елдің мамандарының бірлескен жұмыстарын атап өтуге болады.
Жүздесу бірлескен ғылыми-білім беру жобалары шеңберінде одан әрі әріптестік пен өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылаумен ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі