- Басты бет
- Жаңалықтар
- ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЭРАЗМУС+ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ПУАТЬЕ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛДЫ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЭРАЗМУС+ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ПУАТЬЕ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛДЫ
2023 жылдың 16-20 қазан аралығында Эразмус+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Пуатье университетіне (Пуатье, Франция) Ақпараттық технологиялар факультетінің жасанды интеллект және үлкен деректер кафедрасының меңгерушісі Мансурова Мадина Есімханқызы және Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы, механика-математика факультеті деканының ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары барды. Бұл шараға Самарқанд мемлекеттік университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ахатов Акмал Рустамұлы мен Үргеніш университетінің физика-математика факультеті деканының орынбасары Жамолбек Маттиев қатысты.
Сапар барысында Пуатье университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Кристин Фернандес-Малуанмен кездесу өтті. Магистратура және докторантура аясында университеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Пуатье университеті 1431 жылы негізі қаланған Франциядағы ең көне оқу орындарының бірі. Ол 2 жоғары инженерлік мектептен (École Nationale Supérieure d’Ingénieurs de Poitiers – ENSIP) және экономика және менеджмент жоғары мектебінен тұрады. Оқыту келесі бағыттар бойынша 7 факультетте жүргізіледі:
- Құқық және әлеуметтік ғылымдар
- Экономика
- Іргелі және қолданбалы ғылымдар
- Әдебиет және тіл білімі
- Гуманитарлық ғылымдар және өнер
- Спорт ғылымдары
- Медицина және фармакология
Университетте 6 институт бар:
- Пуатье политехникалық институты (IUT)
- Ангулем политехникалық институты (IUT)
- IAE университетінің бизнес мектебі (IAE Poitiers)
- Байланыс және жаңа технологиялар институты (ICOMTEC)
- Жалпы басқаруға дайындық институты (IPAG)
- Өнеркәсіптік, сақтандыру және қаржылық тәуекелдер институты (IRIAF)
Сондай-ақ, LMA зертханасының (Laboratoire de Mathématiques et Applications) өкілдері мен мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті және математика бойынша PhD диссертациясын қорғауға қатысты. Сонымен қатар, инженерлік мектептің (ENSIP) зертханасымен танысып, іргелі және қолданбалы ғылымдар факультеті деканының орынбасары Фредерик Ричардпен кездесу ұйымдастырылды. Сапар нәтижесінде математика және механика мамандықтары бойынша қос дипломдық білім беру бағдарламаларын ашу туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, келіссөздер нәтижесінде математика кафедрасының 2 жас ғалымы (1 докторант, 1 оқытушы) Пуатье университетінде 15.01.24 пен 15.02.24 аралығында университеттінің есебіне шақырту алып, ғылыми тәжірибеден өтеді.