ҚазҰУ оқытушы, қызметкерлеріне тұрғын үй бағдарламалары туралы айтылды

30 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы  «Отбасы банк» өкілдерімен кездесу  өткізді. Университеттің жүзден астам қызметкері мен оқытушылары қатысқан бұл кездесу биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

Банк менеджері Альфия Ахметова банктің жұмысы және «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «Шаңырақ» және «Өз үйің» бағдарламалары талаптары туралы толық ақпарат берді. ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлері аталған бағдарламаларға қатысуға байланысты көптеген сұрақтар қойып, жауап алды.

Кәсіподақтың банк қызметкерлерімен ұйымдастырған кездесулері  өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Университет кәсіподағы «Отбасы банкпен» төрт жыл бұрын әріптестік орнатқан. Содан бері жүздеген қызметкерлер мен оқытушыларға консультациялық көмек көрсетілді. Арнайы бағдарлама бойынша тұрғын үй алғандар да бар.  

Кәсіподақ құжаттарды рәсімдеуге көмек береді, әлеуметтік желілерге тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпаратты таратады. Кәсіподақ комитетіндегі тұрғын үй бағдарламаларына байланысты сұрақтарға маман Э. Үмбетжанова жауап береді.

Бүгінде Кәсіподақ комитеті жанында әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Комиссия қызметінің мақсаты – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қолдау саласындағы жарғылық міндеттерін іске асыру. Комиссия жұмысының негізгі бағыттары – оқытушылар мен қызметкерлердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жәрдемдесу, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаждарды есепке алу, коммерциялық жағдайларда тұрғын үй сатып алғысы келетіндерге консультациялар беру; тұрғын үй мәселелері бойынша құжаттарды дайындауға қатысу.

Кездесу соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев университет оқытушылары мен қызметкерлері үшін тұрғын үй мәселелерін шешуге қатысты ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті.

Ольга ЛОЖНИКОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің

«Парасат» кәсіподағы төрағасының орынбасары