Цукуба университетіндегі көктемгі тағылымдама
Менің атым Мичкасов Алексей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасының үшінші курс студентімін. Мен биыл Жапонияның Цукуба университетінде арнайы тағылымдамадан өттім.
Жапонияда 6 ай болдым және осы уақыт ішінде көп нәрсе үйрендім. Жапонияға бірінші болып барған адам үшін бұл таңғажайып, әрі пайдалы тәжірибе болды. Мұндағы мен үшін ең қуантарлық жайт, мен күншығыс еліне ұшып келген күні (дәл 14 наурыз күні) Жапонияда сакура шиесі гүлдей бастады. Соның арқасында сакура шиесінің гүлденуін, табиғаттың әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік алдым.
Жалпы шетелде оқудың нәтижесінде, көп нәрсе біліп, меңгеріп, өзім үшін пайдалы орасан зор ақпарат алдым, Сонымен қатар, жалғыз тұрып үйрендім. Мен Жапонияда жалғыз тұрдым және өз өмірім үшін жауапкершілікті өз мойныма алуым керек болды. Тамақ дайындау, құжаттарымды рәсімдеу, төлемдер жасау т.б. бәрін өзіме жасауға тура келді.
Сондай-ақ түрлі мемлекеттерден келген шет ел өкілдерімен таныстым. Қазіргі кезде әлемнің он бес елінде тұратын шетелдік достарым бар, бұл жайт мені қатты қуантады. Енді мен Еуропаға, Африкаға, Оңтүстік және Солтүстік Америкаға немесе Азияға барғанымда, менің баратын достарым бар.
Жапонияда тағы бір үйренген нәрсе – бір айға өз бюджетімді жасау. Мен Jasso шәкіртақысын алдым (айына 80 000 иен) және бұл шәкіртақы маған жеткілікті болды. Мен Жапонияда болғанымда ақшаны үнемдеуді және басқаруды меңгердім. Осылай өзіме жаңа ноутбук сатып алдым.
Цукуба университетінің өзіндегі оқуым туралы айтатын болсақ, бұл керемет тәжірибе болды. Мені университеттегі қарбалас студенттік өмір таң қалдырды: түрлі фестивальдар, іс-шаралар мен концерттер жиі өткізілді.
Маған Жапонияда тұру, оқу және саяхаттау өте ұнады. Осындай тәжірибеден өтуге мүмкіндік берген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғысым шексіз. Бұл менің өмірімдегі саяхатқа, жаңа кездесулерге, жаңа әсерлерге толы ең қызықты да, пайдалы мезгіл болды.
Қиыр Шығыс кафедрасының студенті Мичкасов А.