ҚазҰУ Франция университеттерімен серіктестігін нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы аясында іс-шаралар өтті.
Шараға Францияның Алматыдағы бас консулы Фабрис Неве, мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Алекс Бортолан, Абай атындағы ҚазҰПУ «Сорбонна-Қазақстан» институтының және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Геоэнергетика» орталығының директоры Агнес Буссе, Францияның ЖОО, сондай-ақ кәсіпорындарының ғалымдары мен қызметкерлері, Қазақстан университеттерінің оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде «Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективалары» атты дөңгелек үстелді ашып, құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеше Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эммануэль Макронмен кездескенін атап өтті. «Екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Білім, ғылым саласындағы әріптестік пен халықаралық мәселелер жөнінде келісімге қол жеткізді. Сондықтан бүгінгі форум жұмысы екі елдің білім, ғылым саласындағы ынтымақтастығының нәтижелі жалғасы деп білеміз», – деді ректор.
Қазіргі таңда ҚазҰУ Францияның 21 университетімен тығыз жұмыс істейді. 2022-2023 жылдар аралығында университет алған 189 гранттың 42-сі француз серіктестерінің қатысуымен бірлескен халықаралық жобаларға арналды.
Франция жоғары оқу орындарымен бірлесіп мұнай және газ, ақпараттық технологиялар, биотехнология және баламалы энергетика саласындағы қос диплом бағдарламалары іске асырылуда. ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Француз ғылыми-білім беру орталығы құрылды. Университет француздық Total Energy компаниясымен бірлесіп бірнеше жоба дайындауда әрі өзге де перспективалық бастамаларды жүзеге асырып отыр.
2022 жылы Парижде өткен Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындары ректорларының VІІ форумы аясында ҚазҰУ жетекші француз университеттерімен: Париж қаласындағы политехникалық зерттеу институтымен (Sciences Po Париж), Лотарингия университетімен, Шампань-Арденна Реймс университетімен келісімдерге қол қойған болатын.
Іс-шара соңында делегация басшыларымен жеке кездесулер өтіп, ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі