Ұлт болашағы – Ұрпақ тәрбиесінде...

30 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының Тұрақты даму мақсаттарына сай жоспарланған Ұлт болашағы -ұрпақ тәрбиесінде атты сұхбат-дәрісті оқытушылар: С.Ержанова, Л.Мекебаева, Э. Сейсенбиевалар ұйымдастырды.

Дәрісті  ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ардагер ұстаз, филолог-ғалым, белгілі ұлт жанашыры -Әбішева Рыскен Рахымқызы жүргізді. Филолог студентерге арналған дәрісте адам жан-дүниесінің тіршіліктегі қалтарыстарын саралау, өмірлік тәжірибемен бөлісу, тұлғалық құндылықтарды насихаттауға арналды. Ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабардар беретін дәрістің мазмұны күнделікті өмірмен салыстырылып отырылды.  

Мәңгілік елдің діңгегіне айналу үшін де ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетінің  тарихы мен тілін бойында сақтап, ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың өмір бойғы ұлы міндеттері  бола беретіні сөз болды.

Ұлттық идеямызға айналған қазақ халқы тудырған негізгі ережелер мен ұлттық құндылықтарда бекітілген рухани тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу  сияқты келелі де маңызды мәселелер айтылды.

Дәріс соңында ардагер ұстаз өзінің осы уақытқа дейінгі шығарған көркем шығармаларымен ой бөлісті.  Елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді оятатын рухты ойларымен студенттерге рухани қанат бітірді. Дәріс соңы мазмұнды да мәнді сұхбаттармен жалғасты.