Жаһандық медиа ақпараттық сауат апталығы
Жаһандық медиа ақпараттық сауат апталығы аясында Журналистика факультетінде Күзгі медиа мектебі өтті. Шараны ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы ұйымдастырды.
Биылғы Күзгі мектеп гибридтік форматта өтті. Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев медиамектеп қатысушыларына сәттілік тілеп, қауіпсіз, әділетті, инклюзивті қоғам құрудағы жаһандық апталықтың маңызына тоқталды.
ЮНЕСКО халықаралық ұйымы 2007 жылдан бері медиа ақпараттық, цифрлық және технологиялық сауатты арттыру мақсатында кешенді жұмыс атқарып келеді. Биылғы жаһандық апталық цифрлық кеңістік пен цифрлық платформалар аясындағы көпжақты ынытмақтастыққа арналды. ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов тұрақты дамудың 16-шы мақсатын атап, медиа ақпараттық сауаттың тұрақты даму мақсаттарын дамытып, оқу сапасын арттырудағы ықпалын айтты.
«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Бисенова қордың журналистика факультетімен бірге атқарған іс-шараларға тоқтала келіп, Күзгі мектептің кәсіби біліктілікті арттырудағы рөлін жоғары бағалады, тыңдаушыларға интервью жанрында мазмұнды дәріс оқыды.
Медиа мектеп барысында сапалы медиаконтент жасап, сыни бағалау, сапалы конетентті қолдануға байланысты практикалық сабақтар өтті.
«Интерньюс-Қазақстан» халықаралық ұйымының өкілі Бэлла Орынбетова сторителлинг форматында қызықты кейстермен мəтін жазу техникасын, сторителлинг контент жасауды үйретті. "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ Сыртқы байланыстар қызметінің бас менеджері Айбар Олжай дағдарысқа қарсы коммуникацияның міндеттері мен әдіс-тәсілдерін, креативті шешу жолдарын әңгімеледі. Медиамектеп тыңдаушылары «Эйр Астана» АҚ корпоративтік коммуникациялар менеджері Тлек Абдрахимов пен «Astana Group» корпоративтік коммуникациялар директоры Ляззат Альжанованың дәрістерін, практикалық кейстерін қызыға тыңдады.
Күзгі мектепте сондай-ақ Қырғыз-Ресей Славян (Қырғызстан) университетінің Жарнама және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Гульмира Джунушалиева, Пенза мемлекеттік университетінің (Ресей) доценті Галина Зуева, Дебрецен университетінің PhD докторанты (Венгрия), Қазақстанның Венгриядағы DOSZ елшісі Назира Әбдінасыр т.б. «Посткеңестік Орталық Азиядағы жаһандық субъектілердің имиджі», «Медиа маркетингтегі психологиялық әсерлер» т.б. тақырыптарда дәріс, практикалық сабақтар жүргізді.
Барлық қатысушыларға ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова алғысын білдіріп, сертификаттар табыстады.