ҚазҰУ Даруссалам Гонтор университетімен меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Индонезиядағы Даруссалам Гонтор университетінің ректоры Фахми Хамид бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының басшылығымен кездесу өткізді.
Жүздесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Даруссалам Гонтор университеті ректорының ҚазҰУ-ға сапары көпжақты қарым-қатынастарды нығайтуға серпін беретінін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру кеңістігінде бай тәжірибесі барын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, институттарымен және ғылыми орталықтарымен байланыс орнатқан. Солардың қатарында Индонезия ЖОО-лары да бар. ҚазҰУ Даруссалам Гонтор университетімен тығыз жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта ғылыми бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Өз тарапымыздан серіктестікті дамытуға бағытталған барлық бастамаларды жүзеге асыруда бар күш-жігерімізді саламыз», – деді ректор.
Өз кезегінде Фахми Хамид ҚазҰУ басшысына ілтипат білдіргені үшін алғысын айтып, бірқатар ұсынысын жеткізді.
«ҚазҰУ мен Даруссалам Гонтор университеті арасында мәдени, білім және ғылым бағытында серіктестікті дамыту жұмыстарын жандандыру қажет деп санаймын. Сонымен қатар бакалавриат және докторантурада қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын дамытсақ, екі жоғары оқу орны үшін үлкен мүмкіндік пен жақсы бастама болары анық», – деді Фахми Хамид.
Жүздесу барысында ректорлар аталған ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты. Келіссөз соңында тараптар әріптестік бағыттар мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі