ҚазҰУ ректоры Санкт-Петербор университетінің ғалымдарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев «Экономиканы декарбонизациялаудың жаңа жолы (KZGT-2023)» тақырыбындағы І халықаралық ғылыми конференцияға қатысуға арнайы келген Санкт-Петербор политехникалық университетінің өкілдерімен және РҒА академиктерімен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Делегация құрамында РҒА Мұхиттану институтының ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Роберт Нигматулин, «Энергетикалық ауысудың технологиялық және экономикалық мәселелері бойынша пәнаралық зерттеулер және білім беру (CIRETEC-GT)» зертханасының меңгерушісі Игорь Ильин, РҒА ұлттық шаруашылық болжау институтының зертхана меңгерушісі Юрий Шербанин және т.б. ғалымдар бар.
Тараптар серіктестікті нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, екі университет арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Санкт-Петербор политехникалық университетінің әріптестік байланыстары бүгінде жаңа бағытта дамып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Игорь Ильин экономика және энергетика саласындағы өзекті мәселелер талқыланған конференцияны сәтті өткізген ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына алғыс айтып, Қазақстан мен Ресей ЖОО-лары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажет екенін айтты.
Тараптар кездесу соңында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен бастамаларды саралап, ғылым, білімді дамытуға қатысты ортақ мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚсзҰУ-дың Баспасөз қызметі