Университет мұражайына экскурсия жасады
Жаһандық өзгерістер жағдайында білім сапасы мәселесі өзекті болып қала береді. Өйткені алынған білім еңбек нарығына шыққанға дейін ішінара ескіреді. Республика күнінде Бизнес технологиялар кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы тұрақты дамудың төртінші мақсатын мерекелеу шеңберінде Алматы қаласы білім басқармасының «№178 мамандандырылған лицей» КММ түлектеріне арналған Қазақ ұлттық университеті мұражайында ғылыми-ақпараттық экскурсия өткізді. Оның жұмысына э.ғ.д., доцент М.Бейсенова, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор З.Ахметова және мұражай басшысы А.Жабықпаева, гид Б.Қасымов атсалысты.
Іс-шараның мақсаты болашақ мамандарды, атап айтқанда логистер мен маркетологтарға тиімді ғылыми-білім беру дайындығын қамтамасыз ету барысында университеттің мәдени-тарихи құндылықтарын сақтауға және оған құрметпен қарауға үндеу еді. Жас білім алушылар еліміздің даму тарихын, әсіресе Қазақстанның іргелі білім беру мекемелерінің бірі әрі бірегейі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дәстүрін білуге тиіс.
Университетіміздің бай тарихын 5000-нан астам тарихи құнды құжаттар мен сирек кездесетін мұражай экспонаттары паш етіп тұр. Олар сөреде шебер және көркем орналастырылған. Мұражай кешенінің көлемі – 1000 шаршы метр. Тарих галереясы, Даңқ залы, университеттің тұрақты даму залы мұражайға келгендерді еріксіз сүйсінтеді. Мектеп түлектері сонымен бірге ғылым мектебімен, ғылымның түрлі салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын жетекші ғалымдармен танысты.
ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі – елімізде экономикалық мамандықтар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша білікті мамандарды даярлайтын іргелі білім және ғылым орталығы. Біздің жоғары мектеп қосдипломдық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Роберт Шуман (Страсбург менеджмент мектебі), Amity (Үндістан) оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Магистратурада Ресей халықтар достығы университеті, (РУДН) және Новосібір мемлекеттік университетімен (НМУ), УРФУ (Орал федералды университеті), Люкс саласындағы халықаралық маркетинг мектебімен (Франция), UNIRAZAK (Малайзия), Public Administration and PublicSecurity оқу ордаларымен бірлесе қызмет атқарамыз. Түлектеріміз ҚР Қаржы министрлігінде, ҚР Ұлттық банкінде, қазынашылықта, екінші деңгейдегі жетекші банктердің, инвестициялық және сақтандыру қорларының топ-менеджменті құрамында, мемлекеттік және жергілікті басқару органдарында, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорында, «Атамекен» ҰКП және басқа да көптеген компанияларда табысты еңбек ететінін мақтанышпен айтамыз.
ҚазҰУ жаңа ұрпаққа сапалы білім беріп, еліміздің патриоттық рухы жоғары жастарын тәрбиелеу арқылы мемлекетті дамыту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға зор үлес қосуда. Университет ЭБЖМ, білім алушылар арасында еліміздің орнықты дамуының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге, өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін лайықты элиталық білім алуға, сондай-ақ Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді. Осы жолы да №178 мамандандырылған лицей оқушылары ҚазҰУ-ға қонаққа келгендеріне дән риза болып, келешекте жоғары білім алуға университетке келетіндерін қуана жеткізді.
Әсел ӨСКЕЛЕҢОВА,
Бизнес технологиялар кафедрасының аға оқытушысы