Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі

7 қараша, 2023

07 қараша күні  Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі» атты қазақ әдебиетінің классик жазушысы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми­зерттеу конференциясы өтті.

Қазақстан, алыс және жақын шет елдердің жоғары, орта оқу орындарының оқытушылары, танымал ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер конференция жұмысына қатысты.

Конференция модераторы филология ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы болды.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры филология ғылымдарының докторы, Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлы, жазушы, драматург, зерттеуші, аудармашы. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы Қами Нұрлан Ізғалиұлы, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Орда Гүлжаһан Жұмабердіқызы, сыншы, журналист, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, "Жас Алаш" республикалық газетінің бөлім редакторы Бағашар Тұрсынбайұлы, ҰҚК Академиясының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бірәлиева Гүлмира, әдебиет және кино сыншысы, журналист, аудармашы Мақсат Дүйсмағамбетов қаламгердің жазушылық, сыншылық шеберлігін ашып көрсететін баяндамалар жасады.

Академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаған Гүлмира Бірәлі «Тахауи Ахтанов прозасындағы адамгершілік ізденістер» атты монографиясын конференция қатысушыларына сыйға тартты.

Игі шараға қатысқан студент жастар Т.Ахтанов шығармашылығын жаңа қырынан танып, өміршең шығармаларын қайта оғуға құштар болып қайтты.

 

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы,

ф.ғ.к. Е.М.Солтанаева