ҚазҰУ-да «жасыл университеттер» келешегі талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Африка, ҚХР-дағы серіктес университеттердің қатысуымен «Жасыл жоғары оқу орындары. Елдердің ынтымақтастығы» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараны «ЭКА» өңіраралық экологиялық қоғамдық ұйымы және «Қарағаш» тұрақты даму шешімдерін қолдаудың қоғамдық қоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Ресейдің жасыл университеттері» Бүкілресейлік бағдарламасы, «Ресейдің жасыл университеттері» қауымдастығы ұйымдастырды.
Конференция ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева сөз сөйлеп, тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда «жасыл университеттер» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша 300-ден астам халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қойды. Енді әр жоғары оқу орны тұрақтылық стратегиясын іске асыруға өз үлесін қосуын, білім беруде өзінің экологиялық саясатын қалай іске асыруын, ТДМ-ны дұрыс түсіну мен іске асырудың тетіктері мен алгоритмдерін әзірлеу туралы ойлануы тиіс», – деді проректор.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен шараның мақсаты экологиялық білім беру саласында жоғары білім беру ұйымдарымен бірлесіп тәжірибе алмасу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін айтты.
«Ресейдің жасыл университеттері» бағдарламасының үйлестірушісі Екатерина Бакеева өз сөзінде: «Бүгінгі конференция университеттер арасында халықаралық тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар күш-жігерді шоғырландыру болып табылады. Жоғары оқу орындары өкілдерімен бірге біз экологиялық саясат саласындағы білім беру ұйымдарының әлеуетін арттырғымыз келеді», – деді.
Конференция барысында «Жасыл» жоғары оқу орындарының халықаралық қауымдастығы құрылды.
Басқосуда тараптар жасыл экономиканы дамыту, университеттерде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылап, «Жасыл» экономика құру және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін нақты жұмыстарды айқындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі