ҚазҰУ ғалымдары Тяньцзинь форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология, химия және химиялық технология факультеттерінің ғалымдары Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен инновациялар мен биоиндустрияны дамыту жөніндегі халықаралық форумға қатысты.
Бұл шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) тиімді іске асыруға бағытталған. Форум жұмысы Қытай ғылым академиясының Тяньцзинь өндірістік биотехнология институтының Синтетикалық биотехнология ұлттық инновациялық орталығы, «Белдеу және жол» халықаралық ғылыми ұйымдар альянсы (ANSO) және Ғылым мен технологияның тұрақты дамуының оңтүстік комитеті (COMSATS) демеушілігімен ұйымдастырылды.
Форумға Германия, Дания, Сингапур, Беларусь, Пәкістан, Иран сияқты «Белдеу және жол» бастамасына қатысушы 20-ға жуық елден 300-ден астам ғалымдар мен сарапшы мамандар шақырылды.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ ғалымдары Tianjin SynBio бағдарламасының қаржылық қолдауымен био-ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеулер жүргізуде.
Халықаралық форумда биология ғылымының докторы, Биотехнология кафедрасының профессоры Болатхан Заядан «Перспективті фототрофты микроорганизмдер және олардың биоөндіру үшін биотехнологиялық потенциалы» тақырыбында баяндама жасады. Ол COMSATS бірлескен өндірістік биотехнология орталығының (CCIB) Техникалық-консультативтік комитетінің мүшесі. Форумның ашылу салтанатында Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институты Болатхан Заяданға арнайы шақырылған професссор сертификатын табыс етті.
Биология және биотехнология факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, доцент Әсемгүл Сәдуақасова COMSATS Өндірістік биотехнологиялар біріккен орталығының Техникалық-консультативтік комитетінің мүшесі. Ол «Belt and Road» жас таланттар бағдарламасының стипендиаты ретінде синтетикалық микробтық тыңайтқыштарды әзірлеу және зерттеу саласында Тяньцзинь өндірістік биотехнология институтының (TIB CAS) ғалымдарымен бірлескен жобаға қатысуда. Әсемгүл Сәдуақасова форумда «Фототрофты микроорганизмдердің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және биоөнімдерді өндіру потенциалы» тақырыбында баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының директоры, химия және химиялық технология факультетінің профессоры Жанар Жеңіс те COMSATS Өндірістік биотехнология біріккен орталығының Техникалық-консультативтік комитетінің мүшесі. Оның баяндамасы «Қазақстанның өсімдік ресурстарының фитохимиялық және фармакологиялық зерттеулері» тақырыбында болды. Баяндама барысында Жанар Жеңіс орталықтың ғылыми жұмысымен таныстырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының базасында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдердің шағын өндірісі ашылғанын және биологиялық белсенді қоспалар мен шөп шайларының пилоттық партиялары шығарылғанын айтты. Қазіргі уақытта өнімдерді мемлекеттік тіркеу және сәйкестікті декларациялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ профессор Жанар Жеңіс алдағы уақытта бірлескен ғылыми жұмыстарды, жас мамандарды екіжақты оқытуды және өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім өндірісін бірлесіп дамытуды ұсынды.
Форум аясында COMSATS Өндірістік биотехнология біріккен орталығының Техникалық-консультативтік комитеті мүшелерінің екінші отырысы өтті.
Тяньцзинь өндірістік биотехнология институтының (TIB CAS) вице-президенті, профессор Джинбин Сун биоөндірістегі инновациялар бойынша CCIB орталығының екі жылдық жұмысының нәтижелері туралы баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі