ҚазҰУ ректоры QS президентімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев QS рейтингтік агенттігінің президенті Нунцио Квакарелли және Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбовпен кездесті.
Кездесу барысында ректор QS Asia University Rankings рейтингін анықтау барысында ҚазҰУ-ға үлкен жауапкершілік пен сенім артылғанын атап өтті.
Аталмыш рейтингке қатысушы 856 университет арасында ҚазҰУ биыл 44-орыннан 29-орынға көтерілді. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық университетіндегі білім беру бағдарламаларының 95 пайызы ұлттық және халықаралық аккредиттеу агенттіктерімен мақұлданған. ҚазҰУ пәндік салалар бойынша QS by Subject рейтингінде төрт пәндік сала және 14 дайындық бағыты бойынша үздік топқа кіреді.
Университет басшысы қонақтарды ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық, білім беру, халықаралық және әлеуметтік қызметімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінде университет ғалымдары жалпы қаржыландыру көлемі 9 136 млн теңгені құрайтын 350 ғылыми-зерттеу жобасын орындауда. ҚазҰУ-дың алты ғылыми журналы Web of Science базасына кіреді. Scopus and Web of Science базасы бойынша 2023 жылғы жарияланымдар саны қазірдің өзінде 4587 мақаланы құрайды. Соңғы бес жылда ҚазҰУ 2,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартты. Аз қамтылған отбасылардан шыққан талантты студенттерді қолдауға демеушілік қаражат есебінен әлеуметтік шәкіртақы түрінде 700 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді. Жас ғалымдар мен талантты студенттерді ғылымға ынталандыру үшін университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жалпы көлемінің 10 пайызы жіберіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ төрт мерзім қатарынан БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы болып келеді. Оқу орны әлемнің 600-ден астам жетекші университеттерімен ынтымақтасып, көптеген ірі халықаралық қауымдастықтар мен консорциумдардың мүшесі.
Кездесуде университет ректоры ҚазҰУ құрылғанына 90 жыл толуына орай, 2024 жылға арналған іс-шаралар туралы хабардар етіп, ҚазҰУ базасында жоғары оқу орындарының QS саммитін өткізудің маңыздылығын атап өтті. Айта кету керек, 2024 жылы ҚазҰУ-да Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммитін өткізу жоспарлануда. Оның жұмысына әлемнің 40-қа жуық елінен жоғары білім саласындағы 800 сарапшы қатысады деп күтілуде.
Өз кезегінде QS рейтингтік агенттігінің президенті Нунцио Квакарелли ҚазҰУ басшылығына әріптестік байланыстары үшін алғысын білдіре отырып, 2011 жылдан бастап ҚазҰУ әлемнің үздік жоғары оқу орындарының QS WUR халықаралық рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындары арасында сөзсіз көшбасшы болып табылатынын атап өтті.
2023 жылы QS рейтингі әдістемесіне өзгерістер енгізіліп, жаңа көрсеткіштер қосылды. Бұл көрсеткіштер әлемдік маңызы бар университеттердің негізгі стратегиялық миссияларын қамтиды.
Кездесу барысында тараптар жоспарды бірлесіп әзірлеу және Азия-Тынық мұхиты аймағында 2024 QS саммитіне дайындық бойынша жұмыс тобын құру және QS саласындағы динамикалық ілгерілеу әдістемелері бойынша семинарлар өткізу туралы бірқатар мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі