ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін іске асыру жұмыстары пысықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін іске асыру жұмыстарын пысықтады.
Ректор инвесторлармен бірге қалашықта жаңадан бой көтеретін оқу корпустарының, жатақханалардың, инновациялық және ғылыми-зерттеу орталықтарының, емхананың орындарын аралап көрді. Сондай-ақ ғимараттардың дизайнымен танысты.
2022 жылдың 1 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, қызметімен танысқан болатын. Жұмыс сапары барысында Президент ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің Бас жоспарына қолдау білдіріп, бекітті.
Кейін ағымдағы жылдың сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен ІІ кезеңнің басталуына байланысты естелік капсула салынды.
Айта кетейік, жоспар бойынша қалашықта 8 оқу корпусы, 12 мың шаршы метр әкімшілік корпустар, 35 000 шаршы метр емхана, 3000 шаршы метр спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға арналған 12 жатақхана бой көтереді. Жуық арада 3180 орындық үш жатақхананың құрылысы басталады.
Сондай-ақ қолданыстағы жатақханалар, оқу корпустары мен әкімшілік ғимараттар күрделі жөндеуден өтетін болады.
Қалашықты аралап болғаннан соң, ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға жұмыстарды жүйелі және сапалы жүргізуді тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі