"Жас таланттар" байқауының гала-концерті өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 17 қарашада Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Халықаралық студенттер күніне орай «БІЗ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫМЫЗ!» атты жас таланттар байқауының гала-концерті өтті. Байқаудың іріктеу кезеңіне 2000-нан аса университеттің 1 курс қазақстандық, шетелдік және даму мүмкіндігі шектеулі өнерлі студенттері қатысты.
Бұл байқаудың мақсаты – сан салалы өнер жарысында өздерін таныта білген талантты жастарды анықтау және жаңа Қазақстанның ұлттық рухани өре биіктігін таныту, өнер әлемінің құдіретін студент жастар арасында кеңінен насихаттау.
Байқауда «Қолөнершілер», «Әншілер», «Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі», «Жүргізушілер», «Актерлік шеберлік», «Үздік мобилограф», «Халықтық және классикалық, заманауи» номинациялары бойынша 300-дей студент марапатталды.
Жеңімпаздарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының дипломдары табысталып, «Ыстықкөлге жолдама» берілді.
Гран-при иегерлері сахнада өз өнерлерін көрсетті. Кеш соңында қатысушылар «Алға, Қазақстан!» әнін залдағы көрермендермен бірге орындады.