Литва елшісінің көшбасшылық дәрісі дипломатия мәселелеріне арналды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде Литва Республикасының Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстан мен Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Эгидиюс Навикас көшбасшылық дәріс оқыды.
«Дипломатия және қауіпсіздік» тақырыбындағы дәріске ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Шарада халықаралық қатынастар факультетінің деканы Лейла Деловарова құрметті қонақты көпшілікке таныстырып, еңбек жолына тоқталды.
«Эгидиюс Навикас Ницца қаласында орналасқан Еуропалық жоғары халықаралық зерттеулер институтында оқыды. 1993-95 жылдары Литвадағы Халықаралық қатынастар және саясаттану институтында оқып, магистр дәрежесін алды. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Бүгінге дейін Эгидиюс Навикас түрлі қызметтерде табысты жұмыс істеп, Литваның халықаралық аренада сыртқы саясатын дамытуда өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі кездесу біздің халықаралық қатынастар факультетінің білім алушы жастарына, яғни болашақ дипломатия саласының мамандары үшін өте маңызды», – деді декан.
Спикер өз кезегінде дипломатия мен қауіпсіздік арасындағы қарым-қатынас, Балтық жағалауындағы жағдайдың дамуы, Литва Республикасының сыртқы саясаты мен халықаралық қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлері сынды мәселелерді талқылады.
«Қазіргі таңда әлемде геосаяси жағдай күннен-күнге өзгеруде. Сондықтан әр мемлекет өзге елдермен дипломатиялық жолмен қарым-қатынас жасауы қажет деп санаймын. Қазіргі таңда Литва Республикасы жаһандағы көп мемлекетпен ынтымақтастық орнатып, байланысты күшейтіп келеді. Көптеген елдерде Литваның елшілігі мен консулдық мекемелері ашылды. Бұл үлкен жетістік», – деді елші.
Сонымен қатар Эгидиюс Навикас халықаралық қатынастардағы Литваның ұстанымы туралы айтып, құнды ақпараттармен бөлісті.
Көшбасшылық дәріс соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі