Белгілі ғалым-ұстаз, археолог, этнограф Әбдеш Төлеубаевтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясы, этнологиясы және музеологиясының өзекті мәселелері: жаңа тұжырымдар мен нәтижелер» еске алу халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

15 қараша, 2023

Белгілі ғалым-ұстаз, археолог, этнограф  Әбдеш Төлеубаевтың 70 жылдығына арналған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясы, этнологиясы және музеологиясының өзекті мәселелері: жаңа тұжырымдар мен нәтижелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға белгілі ғалымдар мен академиктер, тарихшылар, этнологтар, археологтар, музейтанушы ғалымдар мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, Әбдеш Төлеубаевтың туыстары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай конференция ашылуында сөз сөйлеп, профессор Әбдеш Төлеубаевтың өмірі мен ғылыми еңбек жолына тоқталды.

Конференцияда сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімі, тарих факультетінің түлегі Ермек Көшербаев, тарих ғылымының докторы, профессор Бибизия Қалшабаева Әбдеш Төлеубаевтың ғылым, білім мен педагогикаға қосқан үлесі жайында баяндамаларын жасады. 

Әбдеш Төлеубаев 80-90 жылдардан бастап Орынбор, Астрахан, Омбы және Алтай өлкесіне экспедициялар мен ғылыми іссапарлар ұйымдастырды. Тарбағатай аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 500-ден астам археологиялық кешенін ашты. Ә.Төлеубаевтың соңғы жылдары ғылымға қосқан ерекше үлесі – Шілікті «Алтын адамын» қалпына келтіру жұмысын атап өтуге болады.  

Соның нәтижесінде  Шіліктіден шыққан  «барыстың бет пішіні» деп аталған алтын әшекей Қазақстан өнер академиясының төсбелгісіне айналды.  «Шілікті бұғылары» Қазақстан тарихшылары конгресінің логотипі болып қабылданды. Шілікті «Алтын адамы» Лондонда, Мәскеуде,  Қазанда көрмелерге қойылды. Әбдеш Төлеубаевтың «Орынбор қазақтары», «Қазақстанның археологиясы», «Дала көсемдерінің қазыналары», «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері» кітаптары үлкен ғылыми айналымға қосылды. Белгілі археолог-этнолог ғалымның 30-дан астам монографиясы мен оқулықтары, 400-ден аса ғылыми мақалалары бар.

Конференция барысында Ә.Төлеубаев туралы очерктер, естеліктер және ғылыми зерттеулері, ежелгі және ортағасырлық археологияның, этникалық тарих пен этномәдени үдерістердің  өзекті мәселелері, археологиялық және этнографиялық экспедициялардың далалық материалдары, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және музейлендіру әдістері талқыланды. Сондай-ақ Әбдеш Төлеубаевқа арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, деректі фильм көрсетілді.