Түлектер жұмыс күшінің ұсынысын арттырады
Қазір өндіріс орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жоғары білікті және кәсіби мамандарға сұраныс артып келеді. Осыған орай, ұлттық білікті кадрларды кәсіби жағынан дайындау мен қайта даярлау өзекті және бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан еңбек нарығын реттеудің әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық, сондай-ақ инфрақұрылымдық қызмет көрсетудің тетіктерін жетілдіру маңызды. Аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтуда әлеуметтік қорғаудың белсенді нысаны ретінде жұмыссыз азаматты кәсіби дайындау мен қайта даярлау үшін мемлекеттік бағдарлама жасау негізгі мәселенің бірі әрі ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуді талап ететіні айқын.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты тұрғысында еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда басым бағыттың әдіснамасын жасауы керек. Кейбір мемлекеттерге еңбек нарығында нақтыланған тепе-теңдікті ұзақ уақыт бойы қолдап отыру үшін, еңбек ресурсы бойынша тапшылықты оны басқа елдерден келгендер арқылы шешіп отырды. Бірақ мұнымен жұмыссыздық мәселесі толық жойылмайды. Сондықтан оның көп немесе аз болуына қарамастан, мемлекетте жұмыс күшінің тапшылығы орын алады.
Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайға сәйкес, өткен жылы жұмыспен қамту деңгейі 15 жас және одан үлкен жастағы халық санына шаққанда – 65,5 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,2 пайызды құраған. Ал жұмыссыздықтың деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес) 2022 жылы тұрақты болды және 4,8 пайыз. Жұмыссыздардың саны (ХЕҰ әдістемесіне сәйкес) – 456,1 мың адам. Сонымен қатар жұмыс істемейтін, білім алумен және оқытумен айналыспайтын NEET жастардың үлесі – 6,3 пайыз.
Халықтың жұмыспен қамтылуын зерттеудің нәтижесі бойынша, 2022 жылы ел экономикасының әртүрлі саласында 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмыспен (жұмыспен қамтылғанның жалпы санының 76,7 пайызы), 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен (жұмыспен қамтылғанның жалпы санының 23,3 пайызы) қамтыды. 2021 жылмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтудың көрсеткіші 153,6 мың адамға өскен, негізінен, жалдамалы жұмыскердің (113,9 мың адам) есебінен өсіп отыр. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығанның саны (39,9 мың адам) өскен.
2022 жылы жұмыспен қамтылғанның ең көп үлесі саудада (16,8 пайыз), білім беру саласында (12,9 пайыз) және өнеркәсіп орнында (12,4 пайыз), ауыл шаруашылығы (12 пайыз) саласында байқалды. Толық жұмыспен қамтылмағандар (жұмыс көлемінің төмендеуі, жұмыс берушінің бастамасы, өзгермелі жұмыс кестесі бойынша және басқа да себеппен азғана жұмыс істеген) саны 2021 жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға өсіп, 268,9 мың адамды құраған. Негізгі жұмыс бойынша орта есеппен бір жұмыспен қамтылған азаматқа аптасына нақты жұмыс істеген сағаты – 39 сағат, бір жалдамалы қызметкер үшін – 41 сағат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкер үшін – 34 сағат. Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын емес адамның саны (әлеуетті жұмыс күші) – 39,5 мың.
Еңбек нарығы бойынша көрсеткіштердің серпініне тоқталатын болсақ, 2021 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі (ХЕҰ әдіснамасына сәйкес) 4,8 пайызға дейін төмендеді, сондай-ақ 15 және 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда 0,1 есеге өсіп, 3,8 пайызды құраған.
Халықаралық тәжірибе бойынша, адамның еңбек өндіргіштігі және маманның бір жұмыс орнында жұмыс істеудің ұзақтылығымен тығыз байланысты екенін дәлелдеді. Арнайы зерттеуге сәйкес, жалпы, маманның бір орында тиімді жұмыс істеу мерзімі төрт жыл екен. Психология ережесі бойынша, осы кезеңде өндірісті дұрыс түсінудің және басқару жұмыстарын шешу үшін тиісті тәжірибе жинақталады, дегенмен одан әрі қарай ізденісі кемігендіктен білім деңгейі төмендейді. Осыған орай, тігінен (қызметтік өсу, карьерлік ауысу) және көлденеңі бойынша (жаңа міндеттер) маманның жұмысқа деген белсенді тұрақты қарым-қатынасын көрсетеді. Кейбір дамыған елдерде, оның ішінде АҚШ-та 20 жыл бір компанияда жұмыс істеген маманмен салыстырғанда 20 жыл ішінде төрт-бес компанияда жұмыс істеген менеджерге сұраныс жоғары.
Елімізде жыл сайын ЖОО бітіруші түлектің есебінен жұмыс күшінің ұсынысы өседі. ЖОО, оның ішінде кәсіби оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыруды реттейтін тетіктің болмауы кәдімгідей қиындық туғызады. Қазіргі жастардың кәсіби құндылықтарды аса бағаламауы алаңдатып отыр. Жастар арасында кеңінен тарап кеткен, еш жерде жазылмаған ұраны – қандай жолмен болса да, табыс табу. Дегенмен жастар – еңбек нарығындағы ең осал топтың бірі. Бүгінде 20-29 жас аралығындағы қыздар мен жігіттердің шамамен 50 пайызында тұрақты жұмыс орны болмай тұр.
Тіркелген жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту үш жолмен жүзеге асады: бастапқы білім беру; біліктілігін көтеру; кадрларды қайта даярлықтан өткізу. Әрине, кәсіби білім алу, қабілетке және бейімге үйрену үдерісі 18-20 жас арасындағы кезеңде белсенді түрде жүзеге асады. Осы кезеңде жастардың басым көпшілігі кәсіби оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасуды мақсат тұтады. Сонымен бірге еңбектік қызметтің ерекшеліктері ретінде жұмыспен қамту бойынша кепілдік, кәсіби жағынан даму мен лауазымдық өсу мүмкіндіктерін атауға болады. Осыған орай, жастар қосымша білім алуға және тәжірибе жинақтайды. 29 жасқа дейінгі жастардың басым бөлігінде белгілі бір біліктілік, кәсіби және өмірлік тәжірибесі қалыптасып үлгереді. Олар өзіне не қажет екенін біледі, отбасы құрған және ұсынылған немесе шақырылған жұмыс үшін дербес талабын қоя алады. Осы уақытта өзін көрсету, табысқа жету, ұйымда бедел мен абыройға ие болу 25-29 жас арасындағы жұмысшыға тән қасиет болып саналады. Аталған кезеңде белгілі бір мамандықты игеру үдерісі аяқталады, кәсіби маман немесе білікті басшы болу қалыптасады және көптеген құндылықтарға қол жеткізеді.
Қазақстан еңбек нарығындағы жастардың жағдайын талдау екі маңызды жағдаймен негізделеді: біріншісі – еліміздегі жұмыссыз халықтың құрылымы бойынша 15-24 жас арасындағы азаматтардың үлесі – 20-25 пайыз, ал енді 25-29 жас арасындағы азаматтардың үлесі 16-20 пайызды құрады. Екіншісі – ең негізгі – еліміздің болашағы. Жастар қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылымын айқындайды. Сондықтан біздің елімізде олар ең қорғансыз топтың бірі болып саналады. Аталған мәселенің өзектілігіне қарамастан, ғылыми-зерттеу жұмыстарында оларға өте көп назар аударылмай келеді. Жас ерекшелігіне қарай талдасақ, 18-24 жастағы жастардың басым бөлігі кәсіби дайындықтан өткен немесе өтетін білім алушы жас азаматтар. Ал осылар еңбек нарығына жаңадан келген ең қорғансыз топ болып тұр. Өйткені оның кәсіби тәжірибесі жеткіліксіз және әлеуметтік жағынан аз қорғалған, осыған орай, бәсекеге де түсе алмайды.
Қазақстан электрондық еңбек биржасының сайтында жарияланған мәліметтің негізінде, жол, құрылыс, көлік-логистика саласында жұмыс орны өте көп, мамандар тапшы. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтың үлесі жалпы көрсеткіштер бойынша жол саласының жұмысшысы − 7,3 пайыз, күзетші − 5,6 пайыз, көлік жүргізушісі − 4,4 пайызды құрап отыр.
Қазақстанға Қытай, Өзбекстан, Түркия, Үндістаннан көп жұмысшы келеді, оның ішінде инженердің саны басымырақ. Шетелден келгеннің басым көпшілігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін өндіру саласында, механик пен техник мамандары.
Елімізде жастардың 42,9 пайызының толық немесе аяқталмаған жоғары білімі бар, соның ішінде жоғары және аяқталмаған жоғары білім алған жастардың 35,9 пайызы және орта білімі барлардың 39 пайызы жұмыссыз азаматтар.
Болашақта осыдан бірнеше жыл бұрын өзекті болған мамандықтың 65 пайызы сұранысқа ие болмай қалады. Алдағы кезеңде тау-кен өндірісі, металлургия, мұнайды өндіру мен өңдеу, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, машина құрастыру, металл, туризм, энергетика, құрылыс саласында жұмыс орындары табылады.
2022 жылы жұмыс іздеп 8000-ға жуық қазақстандық азамат шетелге кеткен. Әрине, қомақты табысқа кенелгісі келетін 18-35 жас арасындағы азаматтар. Жас мамандар жаппай шетел асса, елде кім қалатыны белгісіз. Жақсы өмір сүруді аңсайтын, сыртқа кететіннің басым көпшілігі тіл білетін білімді жастар. Мұндағы жалақы оның күнкөрісіне жетпейтіні сөзсіз. Қазақстанда жұмыс табылады, бірақ жалақысы өте аз. Ал Кореяда бір айда тапқанды Қазақстанда 5-6 айда табасың. Сонымен қатар тұратын үйі мен жататын жері тегін, жұмысында таңғы, түскі, кешкі ас береді. Әсіресе техникалық маман иелері мен дәрігерлер кетуде. Қазақстаннан кеткен әр үшінші эмигрант жоғары білімді болса, ал төртіншісі орта білімді. Мамандар бұл үрдісті «ақылды, қабілетті адамдардың кетуі» деп атауда. Көшкіндер көше берсе, еліміздің өркендеуі мен көш бастауы қиын болуы мүмкін. Қазақстанда білікті маман мен жұмысшының өзі жетіспей тұрғанда, бұл біздің экономикамызға, оның ішінде өндіріс саласының құлдырауына немесе тоқтауына әсер ететіні сөзсіз. Қазіргі жастар 4-5 жыл білім алады, ал жұмыс істейін десе жалақысы өте төмен болғандықтан, жұмысқа барғысы келмейді.
Қорыта келгенде, жас азаматты еңбекпен қамтуға әсер ететін негізгі іс-шаралар: жастар үшін жаңа жұмыс орнын ашатын кәсіпорынға мемлекет тарапынан қолдау жасау; тұрақты жұмыс орнын қалыптастыру; жастарға екінші мәрте жұмыспен қамтылуға мүмкіндіктер қарастыру; жастарды жұмыспен қамтитын өндіріс орындары мен мекемелердің инфрақұрылымын құру.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
доцент, экономика ғылымының кандидаты