ҚазҰУ-дың Үндістан университеттерімен байланысы артады

22 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Үндістанның бас консулы Свапнил Шарад Котхавадэ жұмыс сапарымен келді.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова құрметті қонақты университет жетістіктерімен таныстырып, ғылыми бағыттары туралы айтты.

ҚазҰУ Үндістанның тоғыз университетімен және ғылыми  ұйымдарымен байланыс орнатқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚазҰУ студенттері әртүрлі конференцияларға қатысу үшін және ғылыми-зерттеу тағылымдамаларын өткізу мақсатында Үндістан университеттеріне барады.

Бүгінде ҚазҰУ-да Үндістаннан келген 655 студент білім алады. Университетте 2018 жылы Үндістанның ҚР елшілігінің қолдауымен ашылған «Махатма Ганди» орталығы және үндітану бөлімшесі жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастамасымен және Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің қолдауымен 2019 жылы «Әл-Фараби» Қазақстан-Үндістан ғылыми-білім беру және мәдени орталығы ашылған.

«Біз сіздердің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметіне қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтып, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныстарыңызды қолдаймыз», – деп атап өтті проректор Жәмила Нұрматқызы.

Свапнил Шарад Котхаваде ҚазҰУ басшылығының қабылдауына алғыс білдіріп, университетте өтетін бірлескен іс-шараларға, ғылыми конференцияларға қатысуға әрқашан қуанышты екенін жеткізді. «Мен шығыстану факультетінде болдым. ҚазҰУ-да Үндістан жоғары оқу орындарымен бірлесіп IT, бағдарламалау және хинди тілін үйрену саласындағы орталықтар құрылса, оған қызығушылық танытып, қуана қолдау көрсетуге әрдайым әзірмін. Жақында сіздерде өткен ғылыми шараға қатыстым. Үндістанда әртүрлі ұлттық мерекелерді тойлау дәстүрі бар. Осыған байланысты екі елдің мәдениеті жайлы студенттерге арналған бірлескен шараны ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл Үндістан мен Қазақстанның тілі мен мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді», – деді консул.

Жүздесу барысында тараптар қос елдің мәдениеті саласындағы ғылыми жобалар мен бастамаларды іске асыру үшін ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі