ҚазҰУ студенттері VR фестивалінде тәлімгер болды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде иммерсивті өнерге арналған «Цифрлық күз» фестиваліне тәлімгер (ментор) ретінде қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында креативті индустриялар дамуын маңызды деп атап өткен болатын. Шығармашылық пен технологияны біріктірген іс-шараны less Media Group компаниясы Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің қолдауымен өткізді.
«Медиакоммуникациялар» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Бекзат Ахметқазының айтуынша, бүгінде елімізде VR (virtual reality) технология қарқынды дамуда. «Биыл фестивальге қатысушылар саны он есе артқан. Көрмеде ұсынылған контент 16 жастан жоғары көрерменге арналды. Жаңа технологиялармен танысқысы келетіндер көп болды. Біз медиатор ретінде көп тәжірибе жинап, VR туралы жаңа білім алдық», – деп ойымен бөлісті Б.Ахметқазы.
«Цифрлық күз» фестивалінің VR-бағдарламасында француздардың VR-студиялары әзірлеген 11 иммерсивті жұмыс ұсынылды. Студенттер жаңа цифрлық медианың ең мықты деген VR-жобалармен танысып, виртуалды құрылғылар арқылы виртуалды шындық әлемін аралады.
Фестиваль күндері көрермендер Венеция халықаралық кинофестивалі мен АҚШ-тағы SXSW фестивалінде басты жүлдені иеленген VR-жұмыстармен танысты. VR-технологиялары журналистикадағы трансформация феномені. Студенттер он бес күн бойы виртуалды шынайылық шеберханасында тәлім алды.
Франция елшілігінің VR фестивалінде ҚазҰУ студенттері Бекзат Ахметқазы, Әлімжан Қайратұлы, Жұлдыз Жаменкинка, Жұлдыз Жұмақанова, Жанерке Хайрадин, Айһаным Төлепберген менторлық қызмет көрсетті. Көрмеге келген әрбір қонаққа студенттер VR зоналарын дәл тауып, құрылғыларды дұрыс қолданып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетті. VR-жобалар форматы, ұзақтығы, интерактивтілік деңгейі бойынша ерекшеленіп, әрбір көрерменге оқиға ортасында болу әсерін сыйлады. Бүгінгі журналистикада иммерсивті шынайылықтың алатын орны ерекше. Оқиға орнында болу, тақырыпты ашу, зерттеулерде журналиске мол мүмкіндік береді.
Қазақстандағы Франция елшілігі мен Француз институтының ұсынуымен алдағы уақытта Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының білім беру бағдарламаларына студенттерді жаңа технологияларға баулитын иммерсивті журналистика модульдары енгізілетін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі