ҚазҰУ студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларымен танысты
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенттері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің «Antikor ortalygy» алаңында өткен Ашық есік күніне қатысты.
Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Құрамаев арнайы қатысты.
Сондай-ақ шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова, кафедраның аға оқытушысы Альбина Бискультанова, факультет студенттері және агенттік қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында жемқорлықты жою және алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу, студенттер қоғамдастығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу мақсатында сыбайлас жемқорлық проблемаларын зерделеу мәселелері талқыланды. Спикер ретінде сөз сөйлеген агенттік қызметкерлері жастардың көптеген сауалдарына жауап берді.
Студенттер ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлері тарапынан берілген ақпарат үшін алғыстарын білдіріп, білім беру ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына студенттерді қатыстыру жауапты және әдепті азаматтарды тәрбиелеудегі білімнің аса маңызды рөл атқаратынына назар аудартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі