- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қазақ философиясын зерттеудің әдіснамалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция
«Қазақ философиясын зерттеудің әдіснамалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «I Аманжол Қасабек оқулары» аясында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Аманжол Қасабекұлының 80 жылдығына және Философия күніне арналған «Қазақ философиясын зерттеудің әдіснамалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Жиынды ашқан университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева: «Аманжол Қасабек – қазақ философиясының тарихын зерттеудің әдістемелерін, оның шығу тегі мен негізгі даму кезеңдерін, жаңа түрдегі ойлау жүйесін танып-білудің философиялық мәселелерін анықтауға үлкен күш салған ғалым. Ұлттық философиямыздың өзіндік мән-маңызын айқындап, кеңістігін кеңейтуге негіз қалаған ғалымның мұрасы бүгін де аса өзекті, келешекте де маңызын жоймасы анық» екенін атап айтты.
Ұзақ жылдар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқарған ғалымның еңбектері қоғам дамуындағы рухани өмірдің маңыздылығын көтерудің қажеттігін негіздеуге бағытталған. Көрнекті ғалым ғылыми-зерттеу бағытында философияның ең өзекті мәселелерін зерттеумен айналысқан. Оның жетекшілігімен философия саласында 30-дан астам ғылым кандидаты және 8 ғылым докторы даярланып, ғылыми мектебін қалыптастырған.
Философтар бас қосқан ғылыми жиында сапалы білім берудегі қазақ философиясын зерттеудің әлеуметтік-әдіснамалық мәселелері, көпжақты қырлары талқыланып, жалпы философиялық ой сараптаудың теориялық типтері жіктелді. Сонымен қатар жиналғандар философ-ғалым Аманжол Қасабектің тұлғалық келбеті мен шығармашылық болмысы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Жиын барысында ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Аманжол Қасабектің өмір жолы мен білім, ғылымға қосқан өлшеусіз үлесін сипаттайтын «Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.