ҚазҰУ-да география мәселелеріне арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде география және табиғатты пайдалану факультеті мен География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының 75 жылдығына арналған «Тұрақты дамудың географиялық негіздері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция аясында еліміздегі география ғылымының көрнекті өкілдері, профессорлар Амангелді Тәжіұлы Темірбековтің 80 жылдық, Шеріпжан Марупұлы Нәдіровтің 75 жылдық мерейтойлары атап өтілді.
Конференцияның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева факультет, кафедра ұжымына, профессорлар Амангелді Тәжіұлы мен Шеріпжан Марупұлына университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізді.
Ректор құттықтауында географиялық ғылымды дамытудың маңыздылығы айтылып, салаға еңбек сіңірген білікті ғалымдардың елеулі еңбектеріне жоғары баға берілген.
Жиынға сондай-ақ «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, география ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Медеу Ахметқал, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Жарас Берденов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Физикалық-экономикалық география кафедрасының меңгерушісі Нұргүл Рамазанова, Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының директоры Күләш Қаймулдинова және Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінен арнайы делегация қатысты.
Факультет деканы, география ғылымының кандидаты, доцент Әлия Ақтымбаева факультет пен кафедра жетістіктерін атап өтіп, мерейтой иелері, ғалымдар – Амангелді Темірбеков пен Шеріпжан Нәдіровтің география ғылымындағы еңбектеріне тоқталды.
Мерейтойлық конференцияға А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, Салем мемлекеттік университетінің (АҚШ) География және тұрақты даму кафедрасының профессоры Стефен Янг, Орал федералдық университетінің профессоры Анатолий Степанов, Ош мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Абдурашид Низамиев жиынға онлайн қатысып, өз құттықтауларын видеоүндеу арқылы жолдады.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы география және тұрақты дамудың өзекті мәселелеріне арналған секциялық отырыстарда жалғасты. Ғалымдар өзара пікір алмасып, ғылыми зерттеулер тәжірибесімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі