ҚазҰУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кәсіби даму және мансап кеңсесі университеттің білім алушыларына арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізді.
Жәрмеңкеге Air Astana, «Қазақтелеком», Halyk bank, Банк Центр Кредит, Kaspi Bank, Imstalcon, «Номанд Иншуранс», Danon, Magnum Cash & Carry, Prima Distribution және басқа да ірі компаниялар мен ұйымдар (жалпы саны 27 ұйым) қатысты. Жұмыс берушілер студенттерге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарының кең таңдауын ұсынды.
«Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі университетте көптеген жылдар бойы өтіп келеді. Бұл өз кезегінде студенттерге әртүрлі ұйымдарда тәжірибеден, тағылымдамадан өтуге әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бұл өте қарапайым және пайдалы формат. Білім ордасының классикалық әрі зерттеу университеті ретіндегі маңызын ескерсек, мұндағы бос жұмыс орындарын таңдау ауқымы өте кең. Компания өкілдері өздерінің басты қызметі, құрылымы және ұжым жайлы мағлұмат беріп, студенттерді ынталандырып, еңбек нарығында бағдарлауға көмектеседі. Кәсіби даму және мансап кеңсесі мұндай іс-шараларды жылына бір-екі рет өткізеді. Сонымен қатар белгілі бір профилдегі мамандарға сұраныс түскен кезде жекелей факультеттерде шағын жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Бұл шара танымалдыққа ие болып, бүгінде өз жемісін беруде», – деді ҚазҰУ-дың Кәсіби даму және мансап кеңсесінің бас маманы Әсем Аязбаева.
Жәрмеңкеге 1-курстан бастап, бітіру курсына дейінгі студенттер қызығушылық танытты. Мәселен, химия және химиялық технология факультетінің 4-курс студенті Сұлтан Ілияс: «Жәрмеңке арқылы жұмыс табу мүмкіндігі өте мол, өйткені көптеген компаниялар бар. Мен қатысушылар тізімін қарап шықтым және міндетті түрде ірі компанияларға жолығамын. Жолым болады деген үміттемін».
Журналистика факультетінің 1-курс студенті Олег Ли жәрмеңкеден сабақтан тыс бос уақытта атқаруға болатын толық емес жұмыс күнін іздеуде. Жас студент Болон процесі бойынша студенттік бюроның және басқа ұйымдардың белсенді мүшесі. «Жәрмеңкеге ірі ұйымдардың қатысқаны ерекше болды. Бұл көптеген студенттер үшін кәсіби жолды бастауға сәтті қадам жасаудың мол мүмкіндігі. Менің ойымша, егер сіз оқуды жұмыспен үйлестіргіңіз келсе, бұл өте ұтымды», – деді студент.
«Бос орындар жәрмеңкесі өзіңе ыңғайлы. Оқудан кейін қалаған компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Мен өзім биыл ҚазҰУ-ды бітіріп, үш жыл бойы «Қазақтелекомда» тәжірибеден өткенімнің арқасында ұлттық компанияға жұмысқа тұра алдым. Қазір HR бөлімінде қызмет атқарамын және тәжірибеден өтушілер тізімін жасақтаудамыз, кейін олардың ішінен бос жұмыс орындарына үміткерлерді таңдаймыз», – дейді «Қазақтелеком» компаниясының өкілі Самал Аленова.
Сондай-ақ жұмыс берушілер жәрмеңкеде жаңа жұмыс күшін табудың нақты мүмкіндігін көреді, себебі экономика, қаржы саласындағы мамандар, заңгерлер, IT бухгалтерлер және басқа да мамандар әрдайым нарықта қажет.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі